Úı ANONS Тұрғын: «Ауа таза емес»

Тұрғын: «Ауа таза емес»

Кеш бата қаланың кейбір аумағын жағымсыз иіс басады. Тұрғындар газ бен күйіктің иісі тыныс алуды қиындатып, денсаулыққа кері әсер етіп жатқанын айтады. Алайда экологтар ауа сынамаларынан шекті мөлшерден асқан ластану анықталмағанын мәлімдейді. Белгісіз иістің көзі қайда? Тұрғындардың алаңдауына негіз бар ма?

 

Соңғы күндері  Шымкентте әсіресе кеш батқанда белгісіз иіс шыға бастады. Бұл туралы әлеуметтік желілерде тұрғындар да шағым жазды. Арызданушылардың жазуынша, иіс қаланың дердік барлық ықшам ауданында сезілген.

 

«Ауыр сасық газдың иісі. Тамақты жыбырлатып, дене қыши бастайды. Назарбаев даңғылы. Экологтар осыны қолға алса».

«Иә, түнде күйіктің иісі қатты шығып жатыр»

«Шынында кей күндері кешке газдың иісі шығып кетеді. 18 ықшам ауданнан газ иісі шыққаны үшін Нұрсәтке көшіп келген едім. Бұл жақта да иіс шығады»

 

Бұл ауа сапасына байланысты тұрғындардың бірінші шағымы емес. Бұған дейін де әлдебір иістің шығып жатқаны туралы бірнеше рет шағымданған. Оның адам өміріне, денсаулығыны әсеру туралы да айтқан.

 

«Ауа таза емес. Ауылдан қалаға келе жатқанның өзінде алыстан көрінеді төбе шаң болып тұрады. Қалаға келгенде міндетті түрде бас ауырады».

«Иіс бар. Кей кезде болады, газдың иісі шығады».

«Кеше қапырық болды ғой. Сол кезде сезілді».

 

Қалалық экология департаменті жағымсыз иіс туралы тұрғындардың арыз-шағымымен таныс.  Бұған тұрғындар наразы дейді департамент. Соңғы күндері департаменттің сынақ-зертханасы атмосфералық ауадан сынама алған. Бірақ шекті мөлшерден асқан ластану дерегі анықталмаған.  Нақты қай мекеменің заңды бұзғаны жөнінде факті жоқ.

 

ДҮЙСЕН ҚҰЛТІЛЕУОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бірақ қазіргі таңда да бізде анықтау-зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Біздің өндірістік аймақтар, индустриалдық аймақтар…  атмосфералық сынама алу жұмысы жүргізілуде. Бұдан бөлек жыл басынан бері 26 тексеру жүргізгенбіз. Бұл бойынша 89 миллионға жуық айыппұлдар салынды. 39 әкімшілік хаттамалар толтырылды».

Айта кетейік, ресми мәліметке сүйенсек Шымкентте  2023-2025 жылдар аралығында ауаға шығарылған ластаушы заттардың көлемі 31,6 мың тоннадан 40 мың тоннаға дейін өскен. Бұл қала аумағында жаңа индустриалды аймақтардың ашылуы, өндіріс орындарының көбеюі және автокөлік санының артуымен байланысты.

Дилара Иса