Úı ANONS 1 күнде 3770 бала балабақшаға ваучер алды

1 күнде 3770 бала балабақшаға ваучер алды

Шымкентте мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ваучер беру басталды. Жүйе іске қосылған алғашқы тәуліктің өзінде 4 мыңға жуық балаға ваучер жолданды. Бұл – мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етіп, ата-аналарға балабақшаны еркін таңдауға мүмкіндік беретін жаңа тетік. Алдағы уақытта қанша бала балабақшаға жолдама алады? 

Жазғы жасақтау жұмыстары аясында 2026 жылғы 20–30 маусым аралығында мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа оқу жылына дайындық жүргізілді. Осы кезеңде тәрбиеленушілер келесі жас топтарына ауыстырылып, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес қайта жасақтау жұмыстары жүзеге асырылды. Сонымен қатар, ата-аналардың немесе заңды өкілдердің өтініштері негізінде және балабақша басшылығының шешімімен мектепке дейінгі ұйымнан шығару рәсімдері өткізілді.

 

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 1 шілдедегі жағдай бойынша «Balabaqsha» ақпараттық жүйесінде бірқатар бос орындар қалыптасып, сол орындарға ваучерлер ұсыну мүмкіндігі ашылды. Алайда, кейбір ата-аналар кезек күту тәртібі ұзақ жүріп жатқанын алға тартып отыр. Ал, енді бірі қаржыландыру сертификатына ие болғанын айтып қуанышын білдірген.

 

«Ваучер алдық. Хабарландыру келді. 4 мың кезекте ме тұрған едік. Қазір келмейді — ау деп ойлағанбыз. Кеше кешке ваучер келді деп хабарлады, қуанып қалдық».

 

«Мен ақпан айында кезекке тұрғанмын. 10700 болып, қазір 5523 болып тұрмын. Жылжыма, қарап отырамын. Қуанып кеттім. 5000 кезек жылжыды».

 

«Біз қыркүйек айында қойсақ та, әлі келмеді. 5467 орыннан  3200 ге түскенге қуандық».

 

Ваучерлер кезек тәртібімен автоматты түрде жолданып, ата-аналарға жүйе арқылы хабарланады. Мамандардың мәліметінше, ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу аясында алдын ала есеп бойынша 15 мыңға жуық балаға ваучер ұсынылады деп күтілуде.

 

ӘЙГЕРІМ БАЙҒАЛИҚЫЗЫ, МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Бірінші кезекте әскери қызметкерлер, орган қызметкерлері, педагогтерге, көпбалылы отбасыларға жетім балараға, әрқайсысына кезең-кезеңімен беріледі. 30 мыңға жуық орынға кезекке тұр. Биыл 15 мың орынға балабақшада орын босайтын болса, одан бөлек, бізде жоспарға сәйкес 3500 орын ашу жоспарланған. Осы сәуір айында 1500 орынға ваучер қарастырған болатынбыз. Тағы да жылдың соңына дейін 2 мың ваучер қарастыру жоспарда бар».

 

Айта кетейік, ваучерлер тек мектепке дейінгі ұйымдарда нақты қалыптасқан бос орындарға сәйкес және кезектілік тәртібімен беріледі. Барлық процесс «Balabaqsha» ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылған. Бұл өз кезегінде ашықтықты қамтамасыз етіп, адам факторын барынша азайтуға мүмкіндік береді дейді білім басқармасының өкілдері.

Нұргүл Жолымбетова