«Бір қате жоқ». Тоқаев мемлекеттік тілден емтихан тапсырды 

235
фото election.gov.kz

Лингвистикалық комиссия мемлекеттік тілді толық меңгерген деген шешім шығарды. Nur Otan партиясының құрылтайынан соң Қасым-Жомарт Тоқаев орталық сайлау комиссиясына барып, кандидат ретінде құжаттарын өткізді. Сосын лингвистикалық комиссияның алдында мемлекеттік тілден емтихан тапсырды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Жазба жұмысының тақырыбы – Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тақырыпта 2 беттік шығарма жазып шыққан. Комиссия мүшелері шығармадан бірде-бір қате таппағанын айтады.

Содан соң президенттікке үміткер Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» кітабынан үзіндіні мәнерлеп оқып берді. Комиссия мүшелері Тоқаевтың дауыс ырғағы мен оқу мәнерін жоғары бағалады.

Соңында Тоқаев әлемдік саясаттағы Қазақстанның орны тақырыбында сөз сөйледі.
Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, президенттің сөзін бәрі ұйып тыңдаған. Өйткені Тоқаев сыртқы саясаттың нағыз маманы.

Үш кезеңнен де мүдірмеген Қасым-Жомарт Тоқаевты лингвистикалық комиссия мемлекеттік тілді толық меңгерген деген шешім шығарды.