«Достық» шағынауданының тұрғындары қоғамдық көлік үшін көшені жаппақ болды

265

“Достық” шағынауданының тұрғындары қалаға жету үшін 70 теңге төлемейді. Бір күні автобусқа сыймай жолдарынан қалса, екінші күні оны күтуден үмітін үзіп, такси тоқтатады екен. Осы мәселені шешуді көздеген бұқара жаппай көше бойына жиналды. Жылдар бойы берілмей келе жатқан жауапты олар өздеріне келетін жалғыз автобус тізгіншісінен сұрауға бекінген.

Шарасы қалмаған “Достықтың» тұрғындары бүгін аялдамаға жиналды. “Қалаға жетуіміз мұңға айналды” деген олар әкімдік пен басқарманың табалдырығын тоздырып біткен. Жырға айналған бар мәселе №17 бағыттағы автобус. Бірде келіп сыйдырмай қинаса, бірде келмей күттіріп, күйдіреді екен.

Сайдынгүл Асан, “Достық” шағынауданының тұрғыны: «Жүкті әйел емханаға бару үшін күніне 2-3 рет жол жүреді. Ол бейшара жаяу қалай барады?! Балаларға “Достықтың” ішіндегі мектепке бару проблема. Бұл не деген масқара?!».

Бұл орайда жауаптылардың “Қызыл кітапқа” ене жаздаған автобус жайында айтарлары бар. Олар тұрғындардың бір автобусты 2 сағат сайын жүреді деген сөзін теріске шығарып отыр. Әрі көпбалалы жолаушылар кәсіпкерлерге тиімсіздік туғызады екен. Осы және өзге де мәселені түсіндіру үшін өкілдер “Достық” шағынаудынына арнайы келді.

Мақсат Кененбаев, №17 бағыттағы автобустың инженері: “Бізде автобустар жүріп жатыр. Барлық саны -7-8. Олар сәл ескілеу. Бұзылып қала береді. Таңертең шығады да, бұзылып қалады. Түстен кейін қатарға қайта қосылады. 50 процент “книжка” тасимыз дейді. Олар көпбалалы аналар. Жағармай қымбат. Қосалқы бөлшектер қымбат. Сондықтан жүргізе алмай жатырмыз дейді».

Наурыз Сүгіралиев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар басқармасының бөлім басшысы: «Қосымша 150 автобус бағытын жүргізу жоспарлануда. Аталған автобус бағыты әлеуметтік маңызы бар автобус болып есептелінеді. Ол қаланың “Достық” шағынауданынан бастап, сыйымдылығы үлкен автобустар қатынайтын болады».

Сонымен, тұрғындардың болмай қалған ереуілі тағы бір уәдемен аяқталды. 19 сәуірден бастап “Достыққа” қарай №150- нөмірлі автобус бағыт алатын болды. Ал, мамыр айында 17 автобус қатары 10 жаңа көлікпен толықпақ.

Назерке Үкібасова