Еңбек қатынастары заңдастырылуы қажет

479

Еңбек шартын түзу – заң және заман талабы. Тиісті құжат рәсімделмей еңбек қатынастарындағы заңбұзушылықтарға тұсау салу мүмкін емес. Бүгін салаға жауаптылар «Түркістан облысы және Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиында осы мәселені жан-жақты талқыланды.

Еңбек қатынастарын құнттамаған жұмыс беруші мен жұмыскер қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін? Еңбек дауларын сотқа жеткізбей шешудің жолы қайсы?

Жұмыс беруші мен жұмысшының құқын қорғауы тиіс мамандар бүгін еңбек шарты, ұжымдық шарт сияқты еңбек дауларын алдын-алуға бағытталған шараларды қарастырды.

Кәсіподақ өкілдерінің айтуына қарағанда, еңбек қатынастарын рәсімдеу жағдайлары Түркістан облысында ойдағыдай жүргізіліп жатқанмен Шымкентте шабандау. Сондықтан да мамандар бүгінде халық арасында түсіндіру жұмыстарына қызу кірісіпті.

Айта кетейік, ұжымдық шарт жасау көрсеткіші облыста 70 пайызды құраса, шаһардағы бұл үлес небәрі 13 пайызды құрап отыр. Еңбек қатынастарын реттеуге келгенде құлықсыздық танытатын жеке кәсіпкерлер мен жұмыскерлер де сайып келгенде түрлі еңбек дауларына тап болады дейді ұйымдастырушылар.

Серік Әуесханов

Серік Әуесханов, төрағаның орынбасары: «Еңбек шарты жасалған жағдайда жұмысшының, жұмыс берушінің құқын қорғау мүмкін болмайды. Сондықтан халыққа осыны түсінду керек. Келісім шартта жұмыс берушініің де жұмысшының да міндеттері айқын көрініс табады».

Еңбек қатынастарын заңдастыруға келгенде жұмыскер де жұмыс беруші де аса құнтты болуы қажет екенін уақыт көрсетіп отыр. Күні ертең жалақы ала алмай немесе өндірістік жарақат алу мәселелерімен бетпе-бет келу сияқты түрлі дауларға тап болмаудың бір жолы осы.

Ал еңбек даулары туындаған жағдайда оны сотқа жеткізбей шешуді медиацияны дамыту орталығы іске асырады. Кәсіподақ жанынан құрылған бұл орталыққа бір тоқсан ішінде 3 мыңға жуық арыз-шағым келіп түскен.

Гүлжан Қожахметова

Гүлжан Қожахметова, медиатор: «Біздің мақсат дауды сотқа жекізбей шешу. Бұл мәселелер келіссөздер жүргізу арқылы іске асады. Қазір медиатор мамандар бізде барлық аудан, қалаларда жұмыс істеуде».

Еңбек қатынастарының маңызды бағыттарының бірі жалақының уақытылы төленуі. Айта кетейік, бүгінде жуырда БАҚ өкілдерінің басын қоспақ еңбек инспекторлары Шымкентте 70 шақты жұмысшының маңдай тер, табан ақысына қол жеткізе алмай жүргенін айтқан болатын.

«Еңбек шартын жасаңыздар!». Осынау атаумен өткен акция аясында 8 мыңға жуық жұмыскерлер арасында еңбек қатынастары заңдастырылған. Бәйдібекте 157 адаммен, Қазығұртта 965 адаммен, Отырарда 1837 адаммен, Сарыағашта 2014 адаммен, Созақта 86 адаммен, Төлебиде 2502 адаммен, Түлкібаста 186 адаммен, Шардарада 665 адаммен, Кентауда 84 адаммен, Түркістанда 327 адаммен жұмысберушілер мен жұмысшылар арасындағы еңбек шарты жасалған.

Еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында кәсіподақ өкілдері мемлекеттік кіріс органдары және басқармалармен бірлесе жұмысқа кіріскен.

Мақпал Рысбаева