Оқ атудан оғландарымыз озып тұр

210

Оқ атудан қаламызда басталған халықаралық турнир жалғасуда. Бұған дейін Алматы қаласында өткізіліп келген «Алтын мерген» жарысы Шымкентте осымен 3 – рет жалауын көтеріп отыр.

200-ге жуық спортшының басын қосқан бәсекеге қаламыздан бөлек Нұр-сұлтан,Алматы, Қарағанды және Павлодар облысының оғландары келген. Ал, алыс-жақын шет елдерден Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан өрендері бар.

Садулла Юнусметов, оқ атудан Шымкент қаласының аға жаттықтырушысы: «Біздің шәкірттеріміздің арасында олимпиадаға лайықтылары, қызу дайындалып жатқандары бар. Атап айтсақ, кеше ғана жүлдемен келген Елизавета Король, Рашид Юнусметов, Юрий Юрков, Виолета Старастена мен Зауреш Байболсынова. Барлығы да қазір бабында тұр».

Тек мықтыларды жинаған жарыста еліміздің ұлттық құрамасы да бар. Айта кетейік, отандастарымыз жақында ғана Әлем кубогынан оралған болатын. Жарыс нәтижесінде Қазақстан қоржынына жалғыз жүлде түсті. Олимпиада ойындарына іріктеу сынында жерлесіміз Елизавета Король жолдамадан қағылып қалған болатын. Қола жүлде алған мергенге 0,5 ұпай жетпей қалды.

Бахтияр Ибраев, жарыс жеңімпазы: «Мен үшін бұл өте жауапты жарыс. Алда бізді Қазақстан халықтық спартакиадасы күтіп тұр. Сол жарысқа барынша дайындалп жатырмыз. Кеше күннің нәтижесі бойынша жеңіске жеттім. Негізі бәсеке өте ауыр болды. Қарсыластарым да осал болған жоқ. Ең азулысы деп ресейлік мерген болды. Бірақ соған қарамастан оны жеңу бұйырды».

Халықаралық турнир сәуірдің 19 жұлдызына дейін жалғасады. Ал одан соң команда Пекиндегі Әлем кубогына аттанбақ. Аталмыш бәсекеде де Токиоға лайықтыларды іріктейтін болады.

Назерке Үкібасова