SANTO дәрі-дәрмек экспортын ұлғайтпақ

401

Қазақстандық дәрілер енді шетелге экспортталады. Шымкентте денсаулыққа қажетті тауар өндірісінің алпауыттары бас қосты. Моңғолияның танымал «Monos pharma» компаниясы мен Рейсейдің «ФармВИЛАР» фармацевтикалық компаниясы Шымкенттік SANTO дәрі-дәрмек компаниясымен әріптестік – серіктестік бағытындағы меморандумға қол қойды.

Нәтижесінде, аталмыш елдер арасындағы достық қарым -қатынас нығайып, қазақстандық дәрі-дәрмектер шетелдегі дәріханалардың сөрелерінен табылмақ.

SANTO отандық дәрі – дәрмектің үздік өндірушісі. Оның өнімдерін тек қазақстандықтар ғана емес Орта Азия елдері де тұтынады. Және зауыт басшылығының санға емес, сапаға көңіл бөлетіні шетелдіктердің көңілінен шығып отыр. Бүгінгі үшжақты меморандум соның айғағы.

Лувсан Эрденечимег, «Моносфарм трейд» компаниясының атқарушы директоры,
(Моңғолия): «Біз зауытты аралап шықтық. Мұнда 100 миллион доллар көлемінде инвистициялық қаржы құйылыпты. Не деген көп ақша?! Жалпы бұл салаға жұмсалған қаржы денсаулыққа жұмсалған ақшамен пара – пар. Біз сіздерден сатып алатын дәрі дәрмекке күмән келтірмейміз. Себебі, сапасын өз көзімізбен көрдік».

Елімізді дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз етіп отырған бұл зауыттың қауқары шет мемлекеттерді де дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жетеді. Сондықтан болса керек, компания басшылығы өз өнімдерін экспортқа шығаруды жөн көрген.

Азиз Турдиев SANTO компаниясының дәрі-дәрмек экспорты жөніндегі басшысы: «Экспортқа шығарылатын өніміміз өте аз. Жоспарымыз бойынша биыл оның үлесі 10 пайыз болады деп жоспарлап отырмыз. Бірақ алдағы 3 жылда бұл межені 20 пайызға көбейткіміз бар. Бүгінгі түзілген меморандум соған бастар жол. Мұның біздің ел үшін де пайдасы бар. Яғни, импорт пен экспорт арасындағы тепе – теңдік біздің экономикамызға оң әсерін тигізері сөзсіз».

Айта кетейік, SANTO компаниясы Қазақстан фармацевтикалық нарығының көшбасшысы болып табылады. Оның қоржынындағы 12 фармакотерапевтикалық тобында терапияның түрлі салаларында ауруларды емдеуге арналған 240-тан астам генерикалық препараттары бар. Компания бұған дейін Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан нарықтарына өз өнімін экспорттауды жүзеге асырып келген. Енді Ресей мен Моңғолияны 7 түрлі препаратпен қамтамасыз етпек.

Айжан Ермекқызы