Ө.Шөкеев: Шекарадағы кеден қызметін жандандыру қажет

176

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен жиын өтті. Мақсаты – өңірдегі құқықбұзушылықты азайту, құқық қорғау органдарының жұмысы мен шекарадағы кеден қызметін реттеу. Басқосуға облыс прокуроры, облыс сот төрағасы, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жиында алғаш болып облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр  өңірдегі жер саласындағы бірқатар мәселерге тоқталды. Сондай-ақ, облыстағы құқықбұзушылық жайлы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қ.Дәлбеков баяндама жасады. Сонымен қатар, жиында облыс прокуроры Н.Әбдіров пен облыстық сот төрағасы М.Баратбеков бірқатар ұсыныстар жасады.

Басқосуда Өзбекстан шекарасындағы жүк көліктерінің кептелісі де сөз болды. Бұл жайында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев саладағы мәселені жауапты мамандарға дер кезінде шешуді тапсырды.

«Шекарада жүк көліктерінің кептелісі көп, санитариялық жағдай жоқ. Бұрын Ресейден келетін ағаш темір жолмен тасымалданатын. Қазір кеденшілер кептелісті қолдан жасап, темір жолмен келетін тауарды жүк көліктеріне тиеп, елге қолайсыздық тудырып отыр. Мұндай әдейі жасалған қиыншылықтар болмауы керек. Шекара қызметін жандандыру қажет», –  деді облыс әкімі.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі