Осы демалыста қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылары «Тассай» тұрғын алабы Тәуке хан көшесінде жүргізіліп жатқан су құбырына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жұмада көше тұрғындарының 2016 жылдан бері көріп келе жатқан жол азабы жайлы «Отырар» телеарнасында айтылған еді. Одан бөлек, су құбырын жүргізу үшін үйдің дәл іргесінен қазылған ор да тұрғындарды титықтатқанына арызданған еді. Бұл санитарлық нормаларға қайшы.
Абай Тұрханов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Тассайдағы» Тәуке хан көшесі Назарбаев даңғылымен қиылысатын үлкен көше болады. Бұрын төрт жолақты болса, енді 8 жолақты болып кеңейтілмек. Аяқжол салынады. Ал су құбыры жүргізіліп жатқан үйлерге байланысты айтар болсам, негізінде су құбыры тұрғын үйден 4 метр ара қашықтықта орналасуы тиіс. Қазіргі жағдайды зерделей келе құбыр екі метр бері жылжытылып, дәл сол аралық төзімділігі мықты материалдармен қапталатын болады».
Айжан Ермекқызы