Жеңгетайдың жеңісі

155

Сүр бойдақ немесе тұрмыс құрмаған танысыңыз болса жеңгетайдың көмегіне жүгініңіз. Олардың тіпті отбасын құруды мүлдем ойламайтын адамдардың ойын өзгертетін қауқары бар. Маңғыстау театрының әртістері белгілі грузин драматургі Авсентий Цагарелидің «Ханума» пьесасын сахналап, көрерменді күлкіге қарық қылды.

Қойылым жалғыздықтан ішімдіктің құрығына ілінген князьға қарындасының жар іздеуінен бастау алады. Ұзақ уақыт бойы ағасына қалыңдық таба алмаған ол ақыр соңында Хануманың көмегіне жүгінеді. Екі жартыны жарастырудың қас шебері жігітке қиялындағы аруды тапқанымен жеңгетайдың қарсыластары істің оңай жүзеге асуына кедергі келтіреді.

«Пьеса 1980-жылдары жазылса да өзектілігін жоғалтқан жоқ» дейді режиссер.
Өйткені жеңгайлықты кәсібіне айналдырғандар әлі күнге бар. Әлем сахнасында қойылған спектакльде грузиндердің салт-дәстүрі, тіпті киім үлгісіне дейін қаз – қалпында сақталған. Алайда жергілікті көрерменге жақын болу үшін режиссер басты кейіпкердің бойына қазақ жеңгетайының қылығын қосыпты.

Оқиға соңында Ханума барлық кедергілерден өтіп өзін тағы дәлелдей біледі. Әрбір мәселені тек көңілді қалпымен шешетін ол шиеленіскен бұл жағдайдың да шешімін табады. Осылайша жар іздегендердің соңы жеңгетайдың үйлестіруі арқылы үйленумен тынады.

Жанерке Хумар