Үрімдей үш қызды қорлап келген келіншекке сот бұлтартпау шарасымен үй қамаққа алды. Санкцияны Жетісай аудандық сотының тергеу судьясы жария етті.

Сейілхан Мұсабеков, Жетісай аудандық сотының судьясы: «Өгей ананың кәмелетке толмаған ұлы бары және жүктілігі ескерілді. Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын тұрақты мекен – жайы бары да ескерілген. Тергеу кезінде 28 жастағы өгей шеше үй қамақта болады».

Осыдан бір жыл бұрын құрсағынан тапқан қыздарын сағынған туған анасы мектепке іздеп барған да екен. Туған перзенті қорыққаны сонша анасының жүзін көріп, қаша жөнелген.

Жұлдыз қыздардың анасы: «Менен қашты ғой олар. Мұғалімдері мені кіргізбеді мектепке. Артынан класына дейін жүгірдім коридорда. Кейін мұғалімдері шығып сабаққа келмеді деп құтылды».

15 пен 11 жас аралығындағы үш қыздың туған анасы бұрынғы жолдасының қатігез болғанын айтып отыр. Әбден күйзеліске ұшыраған ол бір кездері өзіне қол жұмсамақ болып бел буған. Қыздардың бетін көрсетпеуге отағасы барынша талпынғандай.

Жұлдыз қыздардың анасы. «Ол көрсетпеймін дейтін еді. Бір рет қыздарға мектепке барғанмын соны біліп қойып, «қыздарға осыдан жолайтын болсаң, атып тастаймын» дейтін еді. «Үрім бұтағыңмен жоқ қыламын, жоғарыда жамағат бар, браттар бар, айдалаға апарып маңдайыңнан атып тастаймын. Қыздар саған да жоқ, маған да жоқ. Қолыңанан еш нәрсе келмейді» дейтін».

Ал, Нұрмұхамет Қойымбетов өзінің бұрыңғы әйелінің дұрыс емес ақпарат таратып жатыр деген ойда. Айтуынша басқа дінге оның еш қатысы жоқ.

Нұрмұхамед Қойымбетов, қыздардың әкесі: «Оның айтқанының бәрі жалған. Шындық емес. Мен Сәләфи, мәләфиге ешқандай қатысым жоқ. Мен қарапайым адаммын. Намазымды оқимын бірақ. Оның бір сөзіне сенбеңіздер. Маған жалған ақпараттар жіберіп жатыр. Мен ондай емеспін. Құдайға шүкір, өзім бала-шағамның нәпақасы , солар үшін өмір сүріп жүрмін. Оның бір сөзіне сенбеңіздер».

Заңгер «жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер өлім немесе денсаулыққа ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған болса егер олар жәбірленуші тараптан кешірім алса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін» дейді.

Оның ішінде медиация тәртібімен келтірілген зиянның орнын толтыру. Бұл ҚР ҚК 68-бабында көзделген. Жеке адамға қарсы ауыр қылмысы үшін 5 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жазаны өтеуді кейінге қалдыру берілмейді. Бұл сондай-ақ ҚР ҚК 74-бабында көзделген.

Дәурен Момбай, адвокат: «Ол тек оның жауапкершілігі жеңілдетілуі мүмкін. Ал қылмыс, ауыр қылмыс деп саналады және татуласуға жатады, бірақ кейінге қалдыру берілмейді. Жүкті және жас балалары бар екеніне қарамастан».

Сондай-ақ, Жетісайдағы сұмдық оқиғадан соң шенеуніктер де жазаға тартыла бастады. Тіпті, қыздарының осыған дейінгі жағдайын білмедім деп ақталған әкесіне қатысты да «кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін орындамағаны» үшін тергеу басталды.

Осы оқиғаны біле тұра селқостық танытқан жауапты қызметкерлер де жазасыз қалмайды. Бүгіннің өзінде аудан әкімінің орынбасары, мектеп директоры мен орынбасары, үш қыз оқыған сыныптың жетекшілері тәртіптік жазаға тартылды.