Жетісайлық жастар асарлатып қариялардың алғысын алып жүр

273

Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген «Асар» қайырымдылық іс шарасы ұйымдастырылды. Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің аудандық «Қоғамдық келісім» КММ және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен аудандағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының белсенді жастары жыл басынан бері көмекке мұқтаж қарттардың ауласын тазартып, азаматтық жасауда.

Жетісай қаласы мен ауылдардағы, елдімекендердегі көмекке мұқтаж жалғызбасты қарттардың үйін аралап, көмек көрсетуді тұрақты түрде жүргізетін жастар бүгін Абай ауылдық округіне қарасты “Халықтар достығы” елді мекенінде тұратын, әлеуметтік көмекті қажет ететін Байходжаевтардың үйіне барды.

Ер балалар ауланы күл-қоқыстан тазартып, ақтап-сырлау жұмыстарын істесе, қыздар жағы үй шаруасына көмектесті – үй жинап, шаң сүртті, ыдыс-аяқ пен кір жуысты. Жетісай аудандық орталық «Нұғман» мешіті атынан аталмыш отбасына кілем тарту етілді.

Заманында ел ертеңінің жарқын болуына аянбай еңбек етіп, өзіндік үлес қосқан қазыналы қарттарымызға қандай көмек көрсетсек те жарасады. Бұл тұрғыда үлгі боларлық бастама көтеріп жүрген ауданның белсенді жастарының ісі құптарлық.