Ауыл кәсіпкерлеріне төмен пайызбен 6,8 млрд теңге беріледі

153

Түркістан облысында ауыл кәсіпкерлері жеңілдікпен қаржыландырылады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Түркістан филиалы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауылдық жобаларды қаржыландыруды бастады.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Түркістан филиалы осы бағдарлама бойынша 601 млн. теңге сомасына 41 несие берді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Түркістан филиалы директорының міндетін атқарушысы Талғат Жанисенов мәлімдеді.

Сондай-ақ, өткен жылы аталған бағдарлама бойынша Түркістан облысында 3 млрд теңгеге 700-ден астам несие берілген. Қор 2013 жылдан бері ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыруды көздейтін бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың қаржылық операторы болып келеді. 2017 жылдан бері Қор «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асырады.
Қор ауылдық жобаларды түрлі бағыттар бойынша қаржыландырады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, түйелер, құстар, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Кәсіпкер» жобасы – ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша несиелер жылдық 6% сыйақы ставкасы бойынша беріледі. Несие өніміне байланысты мерзім, сомасы, жеңілдік кезеңінің мерзімі өзгереді. Сондай-ақ, несиелеу кезінде аграрлық саланың ерекшелігі, ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы ескеріледі.

«Биыл Түркістан филиалы тарапынан 6,8 млрд. теңге заем беру жоспарланған. Оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында – 3,3 млрд. теңге қарастырылған. Нәтижелі жұмыспен қамту қаражатын қайта инвестициялау арқылы 725,3 млн. теңге, қордың жеке қаражатынан – 2,7 млрд. тенге бөлу көзделіп отыр», – Талғат Жанисенов.

Қордың биылғы жылға қаржыландырудың негізгі бағыттары: «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Игілік» және «Кәсіпкер» несие өнімдері; етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы аясында «Сыбаға» несиелік бағдарламасы; тауарлы сүт фермаларын дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды жалғастыру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Қордың Түркістан филиалында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында өтінімдерді қабылдау басталды. Ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алу үшін аудандық Жұмыспен қамту орталығына барып, кәсіпкерлік негіздеріне оқытылуы тиіс. Сертификат алған соң, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, несиелеуге жолдама алады. Одан әрі бастапқы құжаттар топтамасын және бизнес-жоспарын Қордың филиалына тапсырады немесе өтінімді kazagro.kz порталы арқылы онлайн жіберуге болады.

Бастапқы құжаттарды қараудың бірінші кезеңінен өткеннен кейін шешім қабылдау үшін Қор қызметкерлері қалған қажетті құжаттарды сұратады. Толық құжаттар пакетін ұсынғаннан кейін 15 жұмыс күн ішінде несие комитеті қаржыландыру немесе бас тарту туралы шешім шығарады.

Барлық сұрақтарды 8 800 080 3505 тікелей желі арқылы қоюға болады немесе филиалдағы менеджерлерден кеңес ала алуға болады.

 

QAINAR KÓZ Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі