Италияда болған жол-көлік оқиғасында зардап шеккендердің арасында қазақстандықтарда болған, — деп хабарлайды Tengrinews.kz Қазақстанның СІМ-не сілтеме жасап. Олардың ішінде бесеуі ауруханаға жеткізілген. Ал қалған төртеуі қонақүйлерге жатқызылды.
Зардап шеккен қазақстандықтар омыртқа, бұғана, қабырға сынуы және басқа да түрлі жарақаттар алған. Жергілікті дәрігерлер оларға тексеріс жүргізіп, өз кеңестерін береді. Қазақстанның елшілері зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Олардың туыстары бұл оқиға жайлы хабардар. Қазақстанның Италиядағы елшілігімен мына нөмір арқылы хабарласуға болады: +390636301130.
Жол-көлік оқиғасы таңғы уақытта Монтериджони және Бадессе қалаларындағы Сиена — Флоренция магистралінде болған. Оқиғаның нақ себебі анықталып жатыр, бірақ автобустың жолда оң жағына аударылғаны хабарланған. Куәгерлердің сөзінше, жолдан шығып кеткен автобус жырада өсіп тұрған ағаштарға соғылып тоқтаған. Жалпы зардап шеккендердің саны 37 адам. Бір адам қаза тапқан. Ол Ресей азаматшасы.
Ресейлік әйел жолнұсқаушы болып жұмыс істеген. Жол апатына ұшыраған адамдар Италияға саяхаттауға келген. Олар қалалармен танысу үшін барған. Зардап шеккендердің арасында Ресей, Армения, Украина, Беларусь, Қазақстан, Молдова, Грузия және Румыния азаматтары бар.