Кентауда 90 көпбалалы отбасы баспаналы болды

162

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Кентау қаласына барды. Аймақ басшысы шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын назарға алып, атқарылып жатқан жұмыстарға мән берді. Сапар барысында маңызды нысандарға аялдады.

Алдымен «Кентау қаласының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді даму жоспары» тыңдалды. Бұл бойынша Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов мәжіліс залда өткен жиында баяндады. Жалпы жасалуы тиіс жұмыстардың қатарында көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандырып, шаһардың кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары айтылды. Жиында Өмірзақ Естайұлы Кентау қаласында 1 қабатты тұрғын үйлерді көбейтуге басымдық беруді тапсырды. Бұдан өзге, Түркістан-Кентау тас жолын кеңейтіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Ынтымақ ауылынан бастап, елді мекендерді көркейтуді жүктеді.

Сапар аясында өңір басшысы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-на аялдады. Зауыт бүгінде толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталған. Өндіріс орны электромотор, генератор және трансформаторлар өндіреді. Жобалық қуаттылығы — 20 000 дана. Зауыт 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ондағы өнімнің 60 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, 40%-ы Ресей және Орта Азия мемлекеттеріне экспортталады.

Кентау қаласына жұмыс сапарында Қаланың 2019-2020 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, «Жастар саябағын» абаттандыру жұмысы таныстырылды.
Отан қорғаушылар мерекесі күні мен Ұлы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында Кентау қаласында 180 отбасы баспаналы болды. 60 пәтерлі көпқабатты 3 тұрғын үйдің 90 пәтері — көпбалалы отбасыларға, ал 37-сі — жетім балаларға, қалған 53 пәтер — «Нұрлы жер» бағдарламасымен беріліп отыр. Пәтер кілттерін салтанатты табыстау рәсімінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындарды жаңа баспанасымен құттықтады.

«Баспана беру реті ережеге сәйкес кезек бойынша беріліп отыр. Дегенмен, әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға, көпбалалы отбасыларға баспанамен қамту жағына басымдық берілген. Тағы бір айтар қуанышты жаңалығымыз Кентау қаласының жаңа мөлтек ауданынан көпқабатты 10 үйдің құрылысы басталып, іргетасы қаланды. Демек, келер жылы тағы 600-ге жуық отбасы өз баспаналарына қол жеткізетін болады. Осының барлығы құрыш қолды құрылысшылардың еңбегі, халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы, Елбасының халыққа деген қамқорлығы»-деді облыс әкімі.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үйлер соңғы заманауи үлгіде салынған. Ағымдағы жылдың соңына қарай тағы 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жалпы жыл соңына дейін Кентау қаласының 300-ге жуық отбасын баспанамен қамту жоспарланып отыр.