“Самал 3” шағынауданының тұрғындары жыл соңына дейін сапалы электр жарығына қол жеткізеді. Қала бюджетінен 2 млрд 100 млн теңге қаражат бөлініп, шағынаудандағы 3816 тұтынушыға электр желілері тартылып, есептегіш құралдары қойылады. Жылдар бойы сапалы электр энергиясына қол жеткізе алмаған жерлестеріміздің қуанышы ерек.
Бюджеттен бөлінген 2 млрд теңгеден астам қаражатты игеруге кіріскен мердігерлер “Самал 3” шағынауданының көшелеріне қаз — қатар бағана орнатып жатыр. Айтуларынша орнатылуы тиіс 4 мыңнан астам бағананың басым бөлігін қойып үлгерген. Енді желі тартылады, жылдың соңына дейін жоспарланған 26 трансформатор мен екі тоқ ажыратқыш бекет салынып тұтынушылар сапалы жарық алатын болады.
Нұрбек Болысбеков, шебер: “Біздің басты мақсатымыз — тұрғындарға тезірік жарық беру. Желі тартар кезде монтаждаушылардың санын көбейтеміз”.
“Самал 3” шағынауданына алғашқы қоныстану осыдан 17 жыл бұрын басталған. Амалдап күнелтуді көздеген жерлестеріміз жеке трансформаторға тәуелді болып, бағананы өздері орнатыпты. Есесіне мұндағы тариф үш есе қымбат, жалпылдап жиі сөнетін жарықтың әр киловатына 24 теңгеден төлеп келген.
Тұрғындар “жарығымыз күніне 4 рет өшкен кездері болған. Енді үкіметің жарығы келсе жақсы болар еді”.
Сала мамандарының айтуынша биылғы жылы қала аумағындағы электр тапшылығын көріп отырған 9 елді мекенге жарық жүйесін жүргізу жұмысы басталатын болады. Ауқымды бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 8 млрд теңге қаралған.
Нұрлан Жаманкөзов, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: “Шапырашты”, “Достық “секілді шалғай шағынаудандарға осы бағдарлама арқылы сапалы жарықпен өамтамасыз етілетін болады».
Бүгінгі таңда осы шағанаудандарға сапалы электр жарығын тарту үшін жобалық-сметалық құжат толық рәсімделген. Енді тек техникалық бақылаушы мекеме анықталса болғаны.
Нұрлан Күдерұлы