Шымкенттік судьялар ажырасу туралы арыздың астында қалды: басты себеп АӘК

977
фото cntv.kz

Мұндай ақпаратты қаламыздың Еңбекші аудандық соты мәлімдеді. Судьяның айтуынша атаулы әлеуметтік көмек мөлшері ұлғайтылғалы аптасына он шақты отбасылық жұптан ажырасу туралы арыз түсе бастапты.

Жырға айналған жиырма бір мың теңге төңірегінде тосын жаңалықтар таусылар емес. Жұмыртқа мен тауықты санайтынына таң қалып бола бергенде кей аналардың әлеуметтік жәрдемақы алу үшін жасап жатқан қадамы жаға ұстатты. Еңбекші аудандық сотының мәліметінше соңғы кезде ажырасуға берілген арыздың саны күрт өскен. Азаматтар ажырасып қана қоймай, перзенттерінен де бас тартып жатыр.

Қайрат Ізбасаров, Еңбекші аудандық сотының судьясы: «Әлеуметтік көмек беру бағдарламасы басталғалы бүгінгі таңға дейін әкелікті даулау істері бойынша істердің көлемі көбейіп отыр. 2-3 есе көбейіп отыр істер. Бір жылда 10 арыздан аспайтындай іс сотта қаралатын. Қазіргі таңда аптасына 10-15 іс түсіп отыр».

Өкінішке орай, ажырасу мәселесі заңнамада қаралмаған екен.

Ақнұр, маман: «Отбасының ортақ табысы 20789 теңгеден асып кетпеген жағдайда. Бұл құжаттар міндетті түрде тексеріледі база арқылы өткеннен кейін тағайындалады. Өздігімізден анықтай алмаймыз. Өйткені мамандардың міндеті құжаттарды қабылдау. Ары қарай әкімшілікке жіберіледі. Тиісінше аудан әкімшілігі оны анықтайды. Анықтағаннан кейін барып, олар растаса біз тіркейміз».

Мемлекет көмегін алғысы келгендер жыры мұнымен бітпейді. Түсінбеушіліктер «Жұлдыз» шағын ауданын тұрғындарын да араздастыруға апарған. Бір-бірімен бақталасқан көршілер тексеруші комиссия жұмысына наразы екен. Осылай деген арнайы топ мүшесі халыққа түсіндіру жұмыстарының қиындыққа соғып жатқанын жеткізді.

Оразалы Маханов, әлеуметтік көмек комиссиясының төрағасы: «Әлеуметтік көмектің қандай отбасыларға қажеттігін түсіндіру бізге қиынға соғып жатыр. Тұрмыс жағдайлары едәуір дұрыс болып, әлеуметтік көмектің мұқтаж емес екендігін айтқанда олар өкпе наразылықтарын білдіріп жатыр. Мемлекеттің қаржысын аяқ асты қылып кім болса соның қолына ұстатып жіберуге болмайды ғой. Сол жағымен күресіп жатырмыз қолымыздан келгенше».

Сонымен бағдарлама басталғалы Шымкент бойынша 51 571 өтініш қабылданған. Оның 33 110 комиссиядан өтіп, 30 898 әлеуметтік көмекті алып үлгерген.

Назерке Үкібасова