«Таксистің» өліміне қатысы бар күдіктілер құрықталды

278

Түркістан облысы Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қол ұшын берген азаматтардың арқасында «таксистің» өліміне қатысы бар күдіктілерді «ізін суытпай» құрықтады

2019 жылдың 17 мамырында Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түседі. Азаматша жолдың жиегінен денесі қанға боялып жатқан ер азаматты көргенін айтады. Оқиға орнына аудандық полиция басқармасынан тез арада жедел-тергеу тобы аттанады. Куәгерлерден жауап алу барысында жедел уәкілдер, күндізгі сағат 16.30-дар шамасында, «Ауди» маркалы көлігі жол бойына тоқтап, ішінен денесі қанға малынған жүргізуші шығып бара жатады да, көп жүрмей жол жиегіне барып сылқ етіп құлайды. Артынша көліктен жас қыз бен жолаушы шығады да, жүргізушіні көтеріп алып, көлікке қайтадан салады.

«Бұл азаматты емханаға алып барамыз»-деп айтып, Шымкент жаққа қарай жүріп кетеді. Криминалистер оқиға орнынан қанның іздерін алады. Аталмыш жайтты полицейлер «Қарақшылық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркейді. Дәл сол күні жедел уәкілдер автокөлік иесінің, яғни жүргізушінің жеке тұлғасын анықтайды. Ол Түркістан облысының жергілікті тұрғыны екен.

Атқарылған жедел іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары жас ер азаматтың қарақшылардың құрбанына айналуы мүмкін деген тұжырымға келеді. Ауыр қылмыс жасаған күдіктілерді құрықтау үшін облыстан криминалдық полиция мен тергеу басқармасының тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, «Тосқауыл» жоспарын құрып және шекара маңындағы облыс аумақтарына полиция нарядтарын қояды. Түркістан облысы Полиция департаментінің және Шымкент қаласының барлық жеке құрамына бағыт беріледі.

Нәтижесінде, полицейлер Сарыағаш ауданындағы жолдың жиегінен өлікпен бірге тастап кеткен иесіз көлікті табады. Жедел-іздестіру шарасының аясында Сарыағаш сақшылары жергілікті автовокзалдан Алматыға қарай кетпекші болған күдіктілерді құрықтайды. Сонымен қатар,қылмыс жасаған жас қыздың көршілес республиканың тұрғыны, ал ер азаматтың Алматы облысының тұрғыны екендігін анықтайды. Екеуі де қамауда.

Сайрам аудандық полиция басқармасының тергеушілері ҚР Қылмыстық кодексінің «Қарақшылық» және «Адам өлтіру» баптарымен күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тексеру амалдарын жүргізуде. Тексеру барысында оқиғаның мән-жайы толық анықталатын болады. Сараптамалар тағайындалды.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі