Түркістан облысы Жетісай ауданында 4308 отбасыға қаржылай көмек тағайындалды. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-і директорының міндетін уақытша атқарушы Медет Қасымов мәлім етті. Оның айтуынша, ауданда көпбалалы аналардан құжаттар қабылдау жұмыстары әлі де жалғасу үстінде.
Яғни, бұл көрсеткіш алдағы уақытта да өсетін болады. Алғашқылардың бірі болып, атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырған 7 баланың анасы Мұңайма Сыдықова 453 мың теңгенің аударылғанын естіп, өз қуанышымен бөлісті.
«Өзім мектеп-интернатта психолог болып еңбек етемін, күйеуім жұмыссыз, 7 балам бар, үлкені жоғары оқу орынында ақылы негізде білім алады. Кеше қаржымыздың аударылғаны жөнінде хабарды естіп, қуанып отырмыз. Құжат тапсыру жұмыстары 3-4 күнге ғана созылды, құжаттарым дұрыс болғандықтан әкімдікке небәрі екі рет бардым. Көпбалалы аналарға қолдау білдіріп, көмек беріп отырған Елбасымызға, үкіметке алғысым шексіз»,- дейді Мұңайма Сыдықова.
Дәл осындай қаржылай көмекке 4 баланың анасы Жанар Байтемірова да қол жеткізіп отыр. Ол бүгінде Жетісай қаласындағы Д. Қонаев атындағы жалпы орта мектебінде ұстаздық етеді. Күйеуі жұмыссыз, ұлдарының үлкен 10-шы сынып оқиды. Жұмысқа жақын жерден айына 25 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады екен.
«Құжатқа бұрыннан ұқыпты едім, тапсыру барысында кедергі болған жоқ. Қала әкімдігіне 2-3 рет барып, нендей құжаттарды тапсыратыным жөнінде кеңестім де, дереу өтініш жазып, қажетті қағаздарымды өткіздім. Міне, нәтижесінде бір аптаға жетер-жетпес уақытта қаржының аударылғаны жөнінде хабар естіп отырмын. Аталған көмекті жоспарлап, жүйелеп жұмсап, игілігімізге жаратамыз деген ойдамыз. Әр үш ай сайын берілгені де қаржыны жинауға өз септігін тигізері сөзсіз»,- дейді Жанар Байтемірова.