Жетісай ауданында алғашқы қарбыз дақылдарын жинау науқаны басталды. Экологиялық таза өнімге, Ресей тұтынушылары осы кезден қолқа салып отыр. Экспортқа жөнелтілетін қарбыздың бір келісі — 220 теңге. Ал көршілес елге жеткенде құны сәйкесінше еселенеді.
Әні міне дегенше, күнгейліктер мамыр айында тәтті қарбыздың дәмін тата бастады. Биыл жиын-терім 15 күн ерте басталды. Себеп, химиялық тыңайтқыштарда емес, ауа — райы қолайлы келді. Бір ғана мына алқапта 50 шақты жұмысшы екі қолға бір күрек тапқан.
Әбдірайым Алмасбеков, жұмысшы: «Күніне бір жүк көлігіне артамыз. Әр қайсысымыз 5-6 мың теңгеден аламыз».
Тек осы айда Жетісай ауданында жүз тоннадан астам қарбыз жиналды. Ішкі нарықпен қоса, Ресейдің Новосібір, Омбы қалаларына экспортқа жіберіледі. Бақша дақылының орташа салмағы 5 ,7 келіні құрайды.
Совет Мұсаев, диқан: «Ресейге жіберіп жатырмыз. Аман — есен өтіп кетсе, үйде той болайын деп тұр».
Ұлтарақтай жерді жалға алып нәпәқасын тауып жүрген диқандар, қарбыздан бөлек, қырыққабат пен мақта егуге де машықтанып алған.
Ғалымжан Кенжебек