Арнайы автокөлікке жол бермесең, айыппұл арқалайсың

280

Ережеге шекеден қарайтын жүргізушілердің тәртібі құзырлылардың қатаң назарында. Бүгін Шымкент қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары арнайы акция аясында шұғыл шақыртуларға шыққан көліктерге кедергі келтіретін жүргізушілерді тоқтатты.

Жүйіткіген бұл жүргізушілер шұғыл шақырылымға шыққан төтеншеліктерден де асығыс. Арнайы көлік екенін ерекшелеп тұратын белгісіне, тіпті дыбыстық дабылға назар аударатын емес.

«Арнайы көлікке жол бер». Осындай атаумен рейдке шыққан мамандар бүгін шаһардағы Байтұрсынов, Иляев көшелері мен Қонаев даңғылдары бойында шұғыл қызмет өкілдеріне кедергі келтіретін жүргізушілерді тәртіпке шақырды. Мамандар ережені елемейтін темір тұлпар иелерінің кесірінен шақыртуларға кешігіп жатамыз деп шағынады.

Бүгін құзырлылар ескертумен шектелді. Ескерту еленбесе, келесі жолы арнайы көліктерге жол бермейтін жүргізушілер айыппұл арқалайды.

Бас-аяғы бір сағатқа созылған рейд кезінде бірлескен топ шұғыл қызметке кедергі келтірген бірнеше жүргізушіні тоқтатып, жол ережесін түсіндірді. Шара жыл аяғына дейін ұдайы ұйымдастырылып отырады.

Мақпал Рысбаева