Арыстағы жойқын жарылыс

239

Арыс қаласында жойқын жарылыс болды. Оқиға оқ-дәрілер сақталатын қоймада болған. Таңертеңнен үрейленген жұрт Шымкентке қарай ағылды. Қазір әскери қызметкерлер мен тәртіп сақшыларынан құрылған бірлескен топ сақтық шараларын қолға алған.

Бүгін сағат – 09:20-да өрт сөндіру қызметінің пультіне Арыс қаласындағы қоймада жарылыс болып, оның арты өртке ұласқаны туралы хабарлама келіп түскен. Үрейленген халық Шымкентті бет алды.

Бұл жарылыс бұрыңғыдан өзгерек. Себебі тұрғындар жарылыстың дүрсілін бір емес бірнеше рет естігендерін айтады. Түсірілім кезінде көз алдымызда тағы да күл көкке ұшты.

Бұл Ақдала аулының тұрғындары. Оқыс оқиға кезінде 3 жастағы немерелерін жоғалтып абдырап тұр. Етегі жасқа толған ата-әжей бүлдіршінді іздемеген жері қалмапты.

Жойқын жарылыстан жедел жәрдем өкілдері де ес жия алмай тұр. Жол-жөнекей шашылған гильза, снарядтарды көргенде төбе шашымыз тік тұрды дейді.

Жарылыс болған жерге Түркістан облысы ТЖД жеке құрамының 52 қызметкері мен 12 өрт техникасы, сондай-ақ Шымкенттен 4 техника, жеке құрамның 23 қызметкері мен 1 кинологиялық топ жұмылдырылған.

Біреуге мал, біреуге жан қайғы. Алапат жарылыстан абдырап қалған арыстықтар қалаға қарай ағылғанда, кей пысықайлар дүкендер мен жанар-жағар май құю бекеттерін үптеп үлгерген.

Шұғыл түрде арнайы штаб құрылып, әскерилер мен құқық қорғау органдары төтенше жағдай аймағына келіп жетті. Жергілікті билік өкілдері тиісті сақтық шараларын жан-жақты қамтып жатырмыз деп сендірді.

Қорғаныс министрлігі Арыстағы жарылыс бойынша ресми мәлімдеме жасады. Әзірге қаза тапқандар жоқ. Өрт себебі анықталуда. Қорғаныс министрлігі арнайы құрылған комиссиясын оқиға орнына жөнелтті.

Мақпал Рысбаева