Ауыл шаруашылығына серпіліс қажет

154

Түркістан облысының әкімі жаңа бастамаларды бастап кетті. Облыстың экономикасын арттыру бағытында индустриалдық аймақтардың жұмысы жүйеленбек. Аймақтар әрбір ауданның мүмкіндігіне қарай дамиды.

– Талдау жасадық өңірдегі 9 индустриалдық аймақтың бірі нашар жұмыс істеп тұрса, бірі мүлдем тоқтап қалған. Ол индустриалдық аймақтардың төртеуін қалдырып, дамытуға қаржы жұмсалады. Олар мына салаларды қамтиды: машина құрастыру, азық-түлік өндірісі, жеңіл өнеркәсібі және құрылыс индустриясы. Атап айтсақ. Ордабасы, Шардара аудандары мен Түркістан және Кентау қаласындағы аймақ 300 гектарға ұлғайтылып, басымдылық кеншілер қаласындағы индустриалдық аймаққа жасалмақ,-дейді Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев.
– Бүгінгі таңда Түркістан қаласының аумағын дамыту, халқын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында 480 жоба анықталып отыр. Бұл жобалар облыстың әр ауданының басым бағыттарын дамытып, облыс халқын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында таңдап алынды. Ауыл шаруашылығында алдағы уақытта алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, жаңа ауыл шаруашылығын қалыптастыруымыз керек. Алдағы уақытта талап өзгереді. Әр аудан табиғи жағдайға байланысты жұмыс істеуі тиіс, – деген әкім өнім нарықтық экономикаға сай, бәсекеге қабілетті болуы керек екенін ерекше атап өтіп келеді.

Осы бағытта аудан-қалаларда жұмыстар қарқын алған. Азық-түлік белдеуін қалыптастыру мен ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану мәселелеріне арналған ауқымды семинарлар әр ауданда ұйымдастырылуда.
Төлебилік кәсіпкерлер озық технологияларды кеңінен қолданып, шаруашылықтарын дамыту арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту міндетін абыроймен орындап келеді. «Леңгір құс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі аумағында ұйымдастырылған семинарға облыстағы қала, аудандардан қатысқан азаматтар кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерумен қатар іскерлік байланыстарды орнатуға мол мүмкіндік алды. Мемлекет тарапынан қолдаудың арқасында ұсақ шаруалар бірігіп ауқымды жобаны жүзеге асыруға кіріскен.
Бүгінде жылына 1 мың тонна құс етін өндіретін кооперативтің жұмысын жүйеге қоюда күрделіліктер жеткілікті болғанын шаруа басшысы Дина Сүттібаева жасырмайды.
– Аудан басшылығы кәсіпкерлердің басын қосып, құс фермасын құру жобасын ұсынды. Біз қызығып, 20 адам арыз бердік. 2 жарым гектар- әрбірімізге 10 соттық жер телімі үлестірілді. «Балапандарды жетілдіретін ғимараттарды өз қаржыларыңа саласыңдар» деген соң, бірі қаржы ұйымдарынан несие алса, қалғаны өз қаражаттарын жұмсады. Ғимаратқа тиісті құрал жабдықтарды сатып алу үшін де қомақты қаржы қажет болды. Оны алу үшін кепілдікке баспанадан бастап қорамызға дейін қойдық. 7-8 айда жабдықтарға қол жеткіздік. Келесі қадамымыз балапан сатып алуға, жем іздеуге арналды. Арзан бағада жем табу қиынға соқты. Сұрастырып, нарықты талдап жүріп, Өскеменнен жемді тікелей алдырттық. Жем 4-5 теңгеге арзан түсті. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады. Өңірімізде келісім негізінде жемді тарататын «промбазадағылар» арыз жазып, өскемендіктерден жем алуды тоқтаттық. Қазір жергілікті жерден сатып алған жеміміз қымбатқа түседі. Есесіне 142 теңгеден алып отырған жемнің бағасына он теңге қосылып, 152 теңгеден босатылуда. Жеміміз қымбатқа түсіп жатыр. Жем цехымыз жоқ. Бастапқыда 20 кәсіпкердің 4-і ғана жұмыс жүргізе алды.Қалғандары қаржының тапшылығынан құрылысын бастай алмай, бірі құсхананы жабдықтауға мүмкіндігі болмады. Айналымның өзіне қырғын ақша керек болды. 5 мың құс басын сатып алу үшін 1 млн 50 мың теңге, жемге 2-3 млн керек . Кәсібіңізді бастамас бұрын қаражат жағын ойластырып, нарықты да зерттеп алыңыз. Бұл бастысы, әйтпесе құстарыңызды қырып аласыз. Тағы бір назар аударатын тұс- ол инфрақұрылым. Ферманы суы және электр жарығы бар жерде салған дұрыс. Бізде су болмады. Жоспар бойынша суды алып келетін болған. Осында құс сою цехы болуы керек еді. Алайда су жеткізілмегендіктен, цехтың құрылысы бітпей құрал-сайман «Шымкентқұс» серіктестігіне қайтарылды. Бастапқыда «құсты өсіресіздер, осында өткізесіздер» деген соң жобаны жүзеге асыруға қуана кіріскен едік. Бүгінде өнімді өткізуде қиындық жеткілікті. Алғашында қайда өткізетінімді білмей, базарлармен аудандағы сауда орындарын араладық. Қазір өнімімізді базарда сойып сататындарға, аудан тұрғындарына сатамыз, «Консерві», шұжық цехтарына тапсырамыз. Барлық амалды қарастырып, әрекеттенудеміз. Еңбектің арқасында бүгінде ферма толық қуатында жұмыс жасауда. Жылына 1 мың тоннадан астам өнім шығарып жатырмыз. Қазір 38 мың құс бар. Өнімімізді үздіксіз алып тұратын мекеме табылса, бізде жұмысымызды тоқтатпайтын едік,- дейді Дина Сүттібаева.

Семинардың маңыздылығын атап өткен созақтық Бақыт Бектасов шешімін таппаған мәселелердің барын жасырмады.
– Жылқы, қойым бар. Енді құспен айналыспақпын. Динаның айтқан кеңестерін ескеремін. Мен де алдын малдың етін өткізе алмай қиналғанмын. Аудандарды аралап, кәсіпкерлермен араласып, байланыс орнаттық. Жергілікті билік өнімді өткізуде қолдау көрсетсе, жұмыстан қашпаймыз. Көмек болса шағын, орта бизнесті игеруге шамамыз да келеді, бүгінде мүмкіндігіміз де бар, – дейді кәсіпкер.

Тауарөндірушілердің өнімін өткізуде жүйе қажет екендігін шаруалар қолдайды. Өнім пісіп жетілгенде қала, аудан болсын сататын орын бекітіліп берілсе, ірі шаруашылықтарға өнімін тереңдетіп өңдеуге жағдай жасалса деген аманатын биліктегілерге жеткізді.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Төлеби аудандық филиалының басшысы Қанай Әшірбек ауыл шаруашылығы саласында жүйелік жетпейтінін алға тартуда.
– Елбасы 2018 жылдың аяғында қарапайым заттар экономикасы туралы өзінің үндеуін жасаған. Ол үндеу атқарушы билікке, әсіресе, кәсіпкерлерге негізделген болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты инновация, цифровизация , жалпы, индустрияны дамытумен қатар қарапайым заттарды шығару мүкіндіктерін арттыру мәселесін қолға алу болатын. Статистикаға қарасақ, қорқатын жағдайлар бар. Қарапайым заттардың ішінде еліміз тұтынатын тауарларының тамақ өндірісі саласындағы небәрі 40 пайы-зын өзінде шығарады. Яғни, үлкен проблемалар бар. Осы мәселелерді шешу әрбір елдің құрызырында болуы керек. Аталған көрсеткіш бойынша 170-тен астам мемлекеттің арасында 70-тің айналасында жүрміз. Бірақ басқа мемлекеттер дамып жатыр ғой. Олар экономикасын өзгертіп жатыр. Соған байланысты бұл жағдайды ертерек реттемесек, экономикамызды дамыту бағытында үлесімізді қоспасақ, ертең қиын болады,- деген уәжін айтқан болатын. Біздің ішкі өніміміздің 27-ақ пайызын кәсіпкерлік нысандар құрайды. Алдағы жолдауларында Елбасы жалпы кәсіпкерлік арқылы ішкі өнімді 50-60 пайызға жеткізу қажет деп айтқан болатын. Дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 80 пайыздан артады. Сондықтан бұл бағытта біздің мемлекетте атқарылатын жұмыс көп. Қарапайым халықты дайындауда проблемалар жоқ емес. Біріншіден, халықтың кәсіпкелік негіздеріне деген көзқарасы әлі де қалыптаспаған.
Екіншіден, үлкен потенциалымызды пайдаланудағы бір жүйені дамытудың кешенді жоспарлардың өз деңгейінде еместігі. Сонымен қатар, халықтың жалпы қиындыққа моральді тұрғыда жауапкершілікпен қарамауы. Осындай мәселелер жеткілікті. Бұл менің субъектіивті көзқарасым. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы осы бағытта түрлі бағдарламалар, «Бастау» бизнесі бойынша кәсіпкерлік негізін оқытуға, жалпы азаматтарды «Нәтижелі жұмыспен жаппай қамту» бағыты бойынша жеңілдетілген несие алу бойынша жұмысты қолға алған. Бұл игі бастамалар алдағы уақытта қарқындай түседі деген үмітіміз бар. Жалпы, біздің еліміз өзінің негізгі бағыттарын айқындаған мемлекет ретінде ерекшеленеді. Сондықтан, алдағы 5-10 жылда құрылымдық кешенді жоспарлар, экономикамыздың дамуына бағытталған айрықша жұмыстар жүреді деген сеніміміз бар,- дейді ол.

Тоқ етері, кәсіпкерлікті дамыту бағытында халық пен билік және өзге де құрылымдардың арасында байланыс тығыз болуы керек. Кәсібін дөңгелеткен азаматқа қолдау әсіресе ауыл, аудандық деңгейде қолжетімді болу керек. Осы шарттар орындалғанда ғана кәсіпкерлікке қызығушылық артады. Шаруалардың сенімі осы.

Шынар ОРАЗОВА