Ит ұстаған

385

Күн жылынды. Жақындарымызбен саябақтардың салқынын саялайтын кез келді. Осындайда сізді үй жануарларын серуендететін адамдардың қауіпсіздік шараларын қаншалықты деңгейде ескеретіні алаңдата ма? Айналаңыздағы ит-мысық ұстаған адамдар нені ескеруі керек? Қандай жағдайда тиісті мекемелерге шағымданасыз? Осы және тақырыпқа қатысты көптеген сауалдың жауабын білу үшін қалалық ауыл шарушалығы басқармасы ветеринария және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау бөлімінің маманы Нұрсұлтан Қуандықұлына сауалдарымызды жолдадық.

Ит-мысық иесі орындайтын талап

Нұрсұлтан Қуандықұлының айтуынша, үй жануарларын соның ішінде ит-мысықты көшеде немесе саябақтарда серуендеткен жағдайда иелері бірнеше талапты сақтауы шарт.
Наурыз айында Шымкент қалалық мәслихатының шешімімен Шымкент қаласында қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және жою қағидасы бекітілді. Сонда иттер мен мысықтарды серуенге шығару тәртібі де көрсетілген.
– Ең алдымен қала аумағында иттерді еркін серуендетуге болатын жерлерді айта өтейін. Қала аумағында иттердің еркін серуендеу үшін арнайы бөлінген жерлерде (иттерді еркін серуендетуге арналған алаңдарда не жаттықтыру алаңдарында) рұқсат етіледі. Қызметтік тапсырмаларды орындайтын иттерге қала аумағында еркін серуендеуге арналған алаңдардан немесе иттерге арналған жаттықтыру алаңдарынан тыс жерлерде еркін серуендеуге рұқсат берілген. Ал енді жануарларды серуенге шығарған кезде иелері сақтауы керек талаптарға тоқталсақ:
1. Кез келген тұқымды иттерді серуендетуге, тұмылдырығы бар және ұзындығы бақыланатын мойын жіппен рұқсат етіледі.
2. Тұмылдырықты итке дер кезінде кигізу және жағдайға қарай мойын жіптің қажетті ұзындығын реттеу үшін иттің иесі жауапты болады.
3. Иттің иесі не оны серуенге шығаруды жүзеге асыратын тұлға жануарды айналасындағыларға тынышсыздық және кедергі келтірмей, өзімен бірге нәжістерді жинауға арналған ыдысын ала отырып, серуендетуге міндетті.
4. Иттің иесі не оны серуенге шығаруды жүзеге асыратын тұлға, көшеден өткен кезде немесе магистральдарға жақын серуендеген кезде жол-көлік оқиғаларын және жол бойында иттің өлімін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстауы тиіс.

Осы тұста Нұрсұлтан Қуандықұлынан үй жануарларды иелері қандай жағдайда және қандай мекемелерге алып кіруге рұқсат етілгенін де сұрадық.
– Тыйым салған ескерту белгісі жоқ мекемелер мен азық-түлік сатпайтын дүкендерде, поштада иелері иттерін қысқа мойын жіпте және тұмылдырықта ертіп жүруге рұқсат етіледі. Объектілерге иттерді ертіп келуге тыйым салу белгілері бар жағдайда сол мекемелер, азық-түлік сатпайтын дүкендерде оларды байлап қалдыратын орындар жарақтауы қажет. Мысалы кез келген тұқымдағы итті қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен, өздігінен шешіліп кетпейтіндей, иесі ғимараттың ішінде уақытша болған мерзімге, егер де ит басқа тұлғаларға қауіп төнгізбейтін, қоғамдық тәріпті бұзбайтын, қозғалыстарға және өз денсаулығына зиян келмейтіндей жағдайда байлаулы қалдыруына болады.

Қала аумағында рұқсат етілмейді

Қала аумағында иттерді серуендетуге тыйым салынған жағдайлар да бар екен.
– Еркін серуендету алаңдары мен иттерге арналған жаттығу алаңдарынан басқа жерлерде иттерді еркін серуендетуге болмайды. Сонымен қатар, адамдардың ескеруі керек тағы бір жағдай – мас күйіндегі тұлғаларға итті ертіп жүруге және көпшілік жүретін орындарда серуендетуге, көлікте алып жүруіне тыйым салынған. Иттің жасына сәйкес құтырма ауруына қарсы міндетті вакцинацияланбаған жағдайда және иттерді ауладағы балалар ойнайтын, емдеу мекемелерінде, спорттық алаңдарда, мектепке дейінгі әрі оқу орындарының аумақтарында, тыйым салынған ескерту белгісі орнатылған жерлерде серуендетуге болмайды. Сондай-ақ, адамдарға шомылуға рұқсат берілген аумақта иттерді серуендетпеңіз. Тіпті, адамдарға шомылуға рұқсат берілген аумақта, тоғандарда, бұрқақтар мен су айдындарында жануарларды суға шомылдырмаңыз. Көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттен басқа иттерді қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына, азық-түлік дүкендерінің сауда жасау және өндірістік орындарына, сервистік қызмет көрсету мекемелері мен мәдениет мекемелеріне әкелуге, ұстауға рұқсат берілмейді,- дейді Нұрсұлтан Қуандықұлы.

Алдымен ескерту, сосын айыппұл

Оның сөзінше, ит-мысықтың иесі мына талаптарды да орындауы шарт. Әйтпеген жағдайда, соңы зардапппен аяқталуы әбден мүмкін.
1 Қоршаған ортаға қолайсыздық келтірмейтін және қауіпсіздік тудырмайтын иттер және/немесе мысықтардың тәртібін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтау
2 Аулаларды, кіреберістерді, сатылық торларды, лифтілерді, балалар алаңдарын, жолдарды, тротуарларды, саябақтарды, шағынгүлбақтарды, демалыс аумақтарын ластамау. Жануарлар серуендеу орындарында табиғи физиологиялық қажеттіліктерін (нәжіс) қанағаттандыру жағдайында, оның салдарын иесі жою керек. Иесіне ластанған жерді тазалауға өзімен бірге тазалағыш құралдарды (пакет) алып жүруі ұсынылады.
3 Жануарларды зоогигиеналық және ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес ұстауға тиіс.
4 Жануарлардың физикалық және физиологиялық қажеттіліктеріне сай ұстауға, оларға ізгілікпен қарауға және қатал қатынас орнатпауға, қадағалаусыз қалдырмауға, жануарларға қажеттілігіне қарай тамақ беруге, су ішуге жағдай жасаған дұрыс.
5 Ұйымнан ветеринарлық-алдын алу іс-шараларын жүргізу туралы ақпараттар (бұқаралық ақпарат құралдарында, сайтта хабарландыруды орналастыру) келіп түскен уақытта иттер мен мысықтардың иелері өз жануарларын, егер жануар міндетті вакцинациялаудан өтпеген болса, тексеру, диагностикалық зерттеу және емдеу-профилактикалық өңдеу үшін көрсетілген орынға әкелуі қажет.
6 Жануарлар ауырған немесе ауруларына қауіптенген жағдайда жедел түрде ұйымға немесе ветеринарлық емханаға хабарласуға және тексерістердің қорытындысы бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтіксіз сақтауғ міндетті.
7 Жануарларды одан әрі ұстауға мүмкіндік болмаған жағдайда иесі жануарды басқа тұлғаға, ұйымға немесе үй жануарларын аулаумен айналысатын кәсіпорынға тапсырады.
8 Жануарлардың өліп қалған жағдайларында немесе құтырма ауруына шалдығуға ұқсас белгілері болған жағдайда жедел түрде ұйымға хабарлау қажет және осы жануарлар ұйым мамандарының келуіне дейін оқшаулануы тиіс. Жануарлардың иесі осы талаптарды сақтаған жағдайда қоршаған ортаға үй жануарларынан келетін зараптардан ада болады. Осы жерде айта кетер тағы бір жағдайы, әкімшілік құқық бұзушылықтың 408-бабына сәйкес қауіпсіздік шараларын ұстанбаған адамдарға алдымен ескерту жасалады. Одан кейін 3 айлық есептік көрсеткіштен 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Егер иті біреуді тістеп алу оқиғасы болса, сол кезде 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді.

Қаңғыбас иттерді аулау
бойынша, ветериналық
қызмет айналысады
45-05-22,
45-05-18

Егер көшеде осы айтқан талаптарды сақтамаған адамарды байқасаңыз, бірден 102-ге хабарласып шағым түсіре аласыз.
– Сөз соңында айтарым басқа да жануарларды көшеге алып жүру қағидасы біздің қаламыз бойынша әлі бекітілмеді. Бұрындары Оңтүстік Қазақстан облысының қағидасына сәйкес жұмыс атқаратынбыз. Қазір жеке мегаполис болғандықтан тек қана ит, мысықтарды ұстау, серуендету және жою қағидалары ғана тіркелді. Жануарларды ұстау қағидасы мәслихаттың шешімімен бекітілген кезде біз арнайы хабарлаймыз. Қала тұрғындары өз жануарларына немқұрайлық танытпағандары абзал. Өйткені, қаңғыбас иттерді аулау бөліміне түссе, сол өтініш берген азаматтың қол хатынсыз ол өтініш жабылмайды. Сондықтан да үй жануарларыңызға жауапкершілікпен қараңыздар,-дейді Нұрсұлтан Қуандықұлы.

Жанерке ХУМАР