Білім ошағының табалдырығын енді аттағалы отырған бүлдіршіндердің ата-аналары 1 айдан бері құжаттарын тиісті мекемеге өткізе алмай әлек. Тұрғылықты мекен-жайына қарасты мектеп те, көршілес мектептер де «орын жоқ» деп шығарып салады екен. Бір топ ата-ана қалалық білім басқармасының да табалдырығын тоздырған. Бірақ еш нәтиже жоқ. Төзімі таусылғандар ақыр соңында базынасын тілшілерге жеткізді.

«Пәленбай мектеп салып жатырмыз» дейді. Соның бәрі қайда кетіп жатыр сонда? Жыл сайын 12 сыныптан ашып отырған, биыл 1-ақ класс», – дейді ашынған тұрғындар.

Шымкенттегі Теріскей шағынауданының тұрғындары балаларын 1-сыныпқа берудің мұншалықты мұңға айналарын білмеген. Айтуларынша, қаладағы № 46 мектеп басшылығы «сынып толып қалды» деген сылтаумен құжат қабылдауды тоқтатыпты.

«№ 25 мектепке барыңдар деді. Ол жақ толып қалған. № 65 мектепке барыңдар дейді. Ол жақта тек тұрғылықты мекен жайы бойынша Сайрам мен Тараз шағынаудан тұрғындарын ғана қабылдап жатыр. Біздің балалар сонда қайда барады? №39 мектеп жолдың арғы бетінде. Барлық баламыз осында оқиды. Сонда бірінші сыныптың баласын қалай басқа мектепке жібереміз? Жолдан қалай өтеді? Таситын адам да жоқ», – дейді ата-аналардың бірі.

№ 46 мектеп директорының айтуынша, құжат қабылдайтын компьютерлік база жабылып қалған. Қала берді, биылғы жылғы бұйрық бойынша бір сыныпта 25 бала оқуы керек. Сондықтан, межеден асқан сыныптарды бөліп, топтардың санын көбейтіп жатыр.

Жанна Биркулова, № 46 мектеп-лицейдің директоры: «Балаларымызды отырғызатын орнымыз жоқ. Әрбір сыныпта 25 баладан отыруы қажет. Қазір бізде одан көп. Жақын арадағы мектептерге барсын. Біз қабылдай алмаймыз».

Мектеп басшысының соңғы түйінді сөзін естіген бір топ ата-ана әкімшілікті кезіп кетті. Жауаптылардың алдарына келіп, бұл мәселеге нүкте қоюын өтінді. Алайда, бұл жолғы әрекеттері де еш нәтиже берген жоқ. Қалалық білім бөлімінен келеді деген маманы ақыры төбе көрсетпеді. Алданған аналар құжаттарын құшақтап үйлеріне қайтты.

Статистикаға сүйенсек, қаламызда жыл сайын шамамен 10 000-ға жуық оқушы мектеп бітіреді. Ал жаңа оқу жылына қабылданатын бірінші сынып оқушылары 20 000-нан асып жығылады екен. Өсім бар, бірақ оларды оқытатын мектеп жоқ.

Айя Мүтәлі