Шымкенттегі наразылыққа қатысқандардың ешқайсысына қылмыстық іс қозғалмайды

856

Шымкенттегі наразылыққа қатысқандардың ешқайсысына қылмыстық іс қозғалмайды. Олар ешқандай тәртіп бұзған жоқ, бәрі заң аясында өтті. Бұл жөнінде Шымкент қалалық ПД бастығы Ералы Жұмаханбетов мәлімдеді.

Сондай-ақ, Шымкенттің бас полицейі бұл наразылық шарасына шыққандарды басу үшін «Тараздан қосымша әскер шақырылды», деген мәліметті де жоққа шығарды.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық ПД бастығы: «Ешқандай тәртіп бұзылған жоқ, ешқандай да тәртіп бұзушылық болмады. Ешкім – ешкімді ұрған жоқ, ешкім – ешкімге тиіскен жоқ. Жарақат алғандар да болмады. Олар бізге жәй ғана көшені жауып жүреміз деді, біздің жігіттер соңдарынан еріп жүрді. Ал наразылыққа шыққан топ өкілдеріне де рахмет, олар уәделерінде тұрып, тыныш қана жолмен жүріп өтті. Олар жағдайын айтып, плакаттарға «Арыс көмек», – деп жазып жүрді, болды ғой».

 

Ералы Жұмаханбетовтың айтуынша, жергілікті тұрғындардан полицияға арыз түскен. Онда шерушілер араларында арандатушылардың болуы мүмкін екенін айтқан. Полиция қызметкерлері наразылыққа шыққан топтың басы-қасында жүргенінің тағы бір мақсатын осылай түсіндірді. Қазір Шымкенттің әл-Фараби алаңындағы топ тарқады, көлік қозғалысы қалпына келді.

Мөлдір Бекеева