Шымкентте бейнебақылау камераларының саны бес есеге артпақ

256

Шымкентте бақылау камераларының саны бес есеге артпақ. Бұл туралы қаланың бас полицейі мәлімдеді.

5 айдың қорытынды есебін берген Ералы Жұмаханбетов карантин режимі кезінде қаладағы қылмыстың 51 пайызға азайғанын айтады. Оның ішінде жастар арасындағы қылмыстың алдын алу да бар. Алайда, көлікке мас күйінде отырып, рөлді тізгіндейтіндер кемімеген. Кесірінен жол үстінде ажал құшатындар көрсеткіші өзеріссіз қалып отыр.

Шымкенттің бас полицейі бүгін 5 айдың қорытындысы бойынша есеп берді. Департаменттің жыл басынан бергі атқарған жұмысын айтқан ол сапаның әлдеқайда жақсарғанын айтады. Сөзінше, қаңтардан бері шымкенттік шенділер 112 алғыс хат алып үлгерген. Ал, «тұрғындардың айтқан рақметі одан да көп» дейді Ералы Жұмаханбетов.

Қызметкерлер жұмысынан мін таппаған Жұмаханбетов ашылмаған қылмыстың да қалмағанын айтады. 8 жыл бұрын жасалған заңсыз әрекетті де әшкерелердік деген оның сөзінше қалада бұзақылық кеміген. Мәселен көшедегі қылмыс 12 пайызға, қоғамдық қылмыс 11 пайызға, жол апаты 8 пайызға азайыпты. Бірақ, мас күйінде рөлге отыратындар және жол апатынан көз жұматындар көрсеткіші сол күйінде қалған.

Бас полицей шенділердің карантин режиміндегі атқарған жұмысын да ұмытқан жоқ. Төтенше жағдай кезінде 1800 қызметкер кезекшілікте тұрып, 350 індет ошағын күзеткен екен. Осы уақытта қаладағы қылмыс 51 пайызға азайыпты.

Жылдың жартысын жоғары сапада аяқтадық деген Жұмаханбетов енді Шымкенттегі камераларды 2500-ге жеткізуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта қалада 479 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Жуық арада олардың қатарына тағы 200 қосылмақ.

Назерке Үкібасова