Айт жақындатады

711

Күллі мұсылман асыға күткен он екі айдың сұлтаны Рамазан айы да аяқталды. Жұртшылық алдағы айт мерекесіне қызу дайындығын бастап кетті. Осы тұста қадірі мол берекесі мен берері көп мерекеде қандай игі іс атқарылып, кімдерге жақсылық жасалынуы керек? Тақырыпқа қатысты басқа да көкейіңіздегі көптеген сауалдраға мақаладан жауап аласыз.

Фатима апа ораза айт мерекесін жыл сайын асыға күтетінін айтады. Өйткені бұл күн ағайын-туыстың басын қосып, дос-жарандармен көрісіп арқа-жарқа болатын күн. Сондықтан да ол ораза айт мерекесіне бір апта қалғаннан-ақ дастарханға қойылу керек тағамдарды жасауға кіріседі екен.

«Мен негізі бірнеше келінді тәрбиелеп еншілерін беріп бөлек шығарған енемін. Қазір де қолымда бір келінім бар. Әдетте асхана жаққа жолай бермеймін. Келін алғаннан кейін демалысқа шыққанмын. Бірақ бұл айт мерекесінің жөні бөлек. Дәл осы мереке жақындағаннан балалрымның, ағайындарымның жақсы көретін тағамдарын жасауға өзім де кірісіп кетемін. Өйткені жан-жақтан адамдар жиналады. Көптен көріспеген жандармен кезігеміз. Көз айым боламыз деген сияқты. Бұл мереке сонысымен де ерекше ғой. Туыс-туғанның бауырмалдығын арттырып, алысты жақындатып, жақынды бауырыңа басатын сондай бір ерекше мейрам. Тіпті ренжіскен жандар арасынан түсінісіп татуласып жатады. Сенің жайған дастарқаның қандайда бір ренжіскен жандардың түсінісуіне себепкер болса міне нағыз сауап, міне нағыз шаттанарлық жағдай. Осындай ізгі амалдарымыз арқылы үлкендер өзгеге үлгі бола білуіміз керек. Кішкентайымыздан көріп өскен тәрбиеміз сол».

Фатима апа, айт мерекесін бала күнінен ерекше атап өтетінін айтады. Алайда ол қазіргі жастардың осы күні үйлерді аралап, үлкендерді мрекемен құттықтап арнайы кіріп шықпайтыны қалып бара жатқанына қынжылады.

«Қазір жастар кірмейді үйге. Біз сол көне көздер арқа-жарқа болып жатамыз. Ұрпақтарымыздың бір-бірімен арлас-құралас болып жақын болғанын қалаймыз. Қазір көзіміз тірі болған кезде бізден асып кете алмайды. Бала-шаға келеді сәлем беруге. Бірақ көзіміз кетсе не болар екен деп көп ойланамын. Бірақ келіндерім «апа, сізден көрген тәрбиемізді жалғастырамыз» деп айтқанда балаша қуанып қаламын. Айт күні ешкім қарны ашқандықтан қыдырмайды. Бұның түпкі мағынасы аман-саулық сұрасып, көптен көрмеген туыс-туғандарын көріп, жастар жағы танысып білісу болмақ. Бұл мереке осынысымен құнды және ерекше болмақ».

Біз Фатима апамыздан осы күні дастарқанда қандай тағам түрлері болу керегін де сұрадық.

«Әркім өз үйінде барын қояды ғой. Міндетті түрде осы тағамдар дастарханыңыздан табылсын деген талап жоқ әрине. Дегенмен мейілінше ұлттық тағамдар болғаны жақсы. Мен мысалы майсөк, женті, қаттама, бауырсақ, балқаймақ, талқан сынды тағамдарды қойғанды дұрыс деп білемін. Сонымен бірге әрине, айтқа арнап құрбан шалсаң құба-құп. Егер оған шамаңыз келмесе онда бір жілігіңізді асып содан түрлі тағамдар жасасаңыз болады. Мейлінше дастарқаныңызды наннан және ақтан жасалған тағамдарға толтырып қойсаңыз бұл біріншіден тойымды болады. Екіншіден ол дастарқанның сәнін келтіреді. Сөз соңында жастарға айтарым, айт мерекесінде кемі 10 шақты үйді аралап туыс-туғандарыңыздың аман-саулығын біліп, үлкендердің батасын алыңдар дегім келеді. Және мейілінше әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына көмек қолдарыңды созып, сол жандардың сауабына кенелсе жаман болмайтынын айтқым келеді».

Сіз не дейсіз?

Ербол Қалшабеков, Шымкент қалалық Байғұт баба мешітінің наиб имамы:
–Ораза айт-Рамазан айынан кейінгі Шəууал деген айдың бірінші күні.
Мұсылмандардың өте маңызды Діни Мейрам -Мерекелері болып саналады. Бұл жолы айт мерекесі 11, 12, 13 маусым күндері болады. Айт намазы 5 маусым күні сағат 7:00-де басталады.
Бұл күні Мұсылман Жамағаты ең алдымен мешітте жиналып, Айт намазын оқиды. Осы айт мерекесінің адамдардың өміріне әсер етер ерекшеліктеріне тоқталар болсам: Рамазан айы адам баласын мейрімділікке, сабырлыққа, барға қанағат етуге, көркем мінезді болуға шақырады. Ораза ұстаған адам осы жағдайларға дағдыланады. Ал, Айт мерекесінде барша мұсылман бір -біріне бауырмал болуы керек. Ұлы Жаратушымыздың құлдарына берген үлкен мереке күні деуімізге әбден болады. Осы айт күндерінде ата-анамызды, бауырларды, туысқандарды, әріптестерді, дос-жарандарды құттықтап үйлерінен дәм татып, алыста болса, хабарласып арнайы айт мерекесімен шын нитеімен құттықтауына болады. Мұндағы басты себеп, ренжісіп қалған бауырлар болса олар осы күні кешірісуі керек. Бір-бірінің үйіне барып, қол алысып кешірім сұрап арымен қарай тату-тәтті болғандары дұрыс. Өйткені бұл күн жаратушы иеміздің сондай кешірімділіке мүмкіндік берген күні. Соны дұрыс пайдалануымыз керек. Ал егер сіз біреуге қатты ренжіген болсаңыз, онда сіз басқаның сізден келіп кешірім сұрауын күтпей-ақ кешіруіңізге болады. Бұл сіз үшін үлкен сауап болмақ. Былайша айтқанда мына бес күндік пәниде ренжісіп жүрген артық болады. Жастар жағы үлкендерді мерекемен құттықтап, марқұм болғандарға құран бағыштаған дұрыс. Осы тұста айта кетейін, ел арасында міндетті түрде қырық үйге айттау керек деген пірік бар. Ол міндет емес. Дегенмен мейілінше көбірек туыс-туғандарыңызды араласаңыз өзіңізге сауап болады. Қырық үйге кіру міндет емес. Тағы айта кетейін, айт күндері еркек адамдар айт намазға жуынып, таза киіммен келгені абзал. Және намазға келерде жұтым су немесе құрма жеп шыккан абзал. Әрбір отбасы жайылған дастарқанында ұрпақтарының несібесінің мол болуын-иманды ұрпақтардан болуын ниеттеніп тілек тілеген абзал. Балалрына мейілінше мерекені ұмытылмастай еткізіп өткізсе, олар өскенде соны алары сөзсіз. Баланы айт намазына ертіп баруға да болады. Сөз соңында ораза айтта арнайы мал шалынбайтынын айта кетейін. Мал құрбан айтта шалынады.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №23, 5 маусым 2019 жыл