Құрбан айт- Ұлық мереке

314
Құрбан айттың дастарханы

6 қараша ― құрбан айттың алғашқы күні.

Құрбан ― араб тілінде «жақындау» дегенді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы ―«шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау». Құрбан айт күндері шалынатын мал «ұдһия» деп аталады.

Ислам дініндегі ең маңызды екі мейрамның бірі – Құрбан айт мұсылмандардың зуль-хиджа күнтізбесі бойынша 12-айдың 10-шы жұлдызында аталып өтеді. Бұл – көпшілік Меккеге қажылыққа ағылатын кез. Ол күні құрбандыққа мал шалынып, мол дастарқан жайылады. Жұрт бір-біріне қонаққа барып, осы күнге жеткізген Аллаға ризашылығын білдіреді. Қой мен ешкіні бір адам, ал ірі қараны жеті адам бірігіп құрбандық шалуға болады. Құрбан айт уақытында жол жүрмеген, ақыл есі дұрыс, балиғат жасына толған, негізгі қажеттерден тыс қаржыға ие мұсылманға құрбандық шалу уәжіп.

Құрбандық шалудың мәнiсiн ұғыну үшiн ең алдымен, құлшылықтың не үшiн жасалатынын бiлген абзал. Кең-байтақ ғаламды жаратқан құдiреттi Иемiз жер бетiндегi саналы пенделерiн тектен-текке жаратпаған. Олардың әдiлеттi қоғам құрып, саналы да, салауатты өмiр сүруi үшiн Аллаһ тағала тура жол көрсетуге хақ дiн жiберген. Мұны қасиеттi Құранда: “Мен жындар мен адамдарды, маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым” (“Зарият” сүресi, 56-аят), ― деп бiлдiрген. Демек, құлшылық жасаудың түпкi мәнi ― Алланың әмiрiне бойұсынып, ризалығына жетуге тырысу арқылы тиiсiнше сауапқа кенелу.

Құрбандық шалу- мал бауыздаумен шектелмейдi. Онда адамның iшкi ниетi, шын пейiлi, дiнге бекемдiгi мен жалпы адам баласына жанашырлығы таразыланады. Сонымен қатар, пенденiң пендешiлiгi мен мәрттiгi, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседi.

Мұсылман жеке басының ғана қамын күйттемеуi тиiс. “Өзiм iшiп-жесем, тоқ болсам басқаларда шаруам жоқ. Олар қалай күн көрсе, олай күн көрсiн” дейтiн өзiмшiл түсiнiк оған жат болуы керек. Өйткенi өзiңе тiлеген жақсылықты басқаға да тiлемейiнше, шынайы мұсылман бола алмайсың.

Құрбан шалуға жағдайы келмейтiн бауырларымызға да жеңiлдiк бар. Ол ― айт күнi жуынып-шайынып, тазалану. Себебi, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледi. Айт күнi ғұсыл дәрет алғаннан кейін (дененi толықтай жуу) әдемi, таза киiм киiп, үстiне хош иiс сеуiп, мешiтке айт намазына бару ― жақсы амалдарға жатады. Айт намазын оқығаннан кейiн құрбан шалу мiндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етiн кем-бағалдарға таратады. Сонымен қатар бұл күні мұсылмандар көршi-қолаң, туыс-туғанды қыдыртып, мерекемен құттықтайды. Ол күнi мейлiнше көтерiңкi көңiл-күйде, жылы жүздi, кешiрiмдi болуға тырысуы керек. Ренжiскен кiсiлер қайта табысып, айтта бiр-бiрiн кешiрiскенi абзал. Ауырып жатқан кiсiлердiң көңiлiн сұрап арнайы бару, жетiм-жесiр, мұң-мұқтаждарға қолұшын берiп көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездiру ― сауапты амалдарға жатады. Бұған қоса әке-шешесiне, отбасына, көршi-қолаң, жора-жолдастарына мүмкiндiгiнше кiшiгiрiм болса да, сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап жатса, нұр үстiне нұр. Бұл мерекеде осындай сауабы мол амалдар ― адамдардың бiр-бiрiне деген жылылығы мен сыйластығын барынша арттыра түсерi хақ.

Құрбан Айт намазы Астана уақыты бойынша 8. 30-да басталады. Оған дейін ғұсыл дәрет алып, үйден шыққаннан бастап, жақсы тілектеріңізді мешітке дейін тілесеңіз, сауапты іс болмақ және дұға-тілектеріңіз орындалады. Намазға барарда бір жолмен барып, қайтарда екінші жолмен қайту керек деген қағида қатып қалған заңдылық емес дейді имам-ағзамдар. Сондықтан өзіңіз дұрыс деп тапқан бір жолмен барып, сол жолмен кері қайта берсеңіз де болады. Ниетіңіз түзу болса болғаны.