Арыстықтарға әлеуметтік көмектің 5 бағыты түсіндірілді

149
Арыс әлеуметтік көмек
Арыс әлеуметтік көмек

Бүгін қалалық мәдениет үйінде Өмірзақ Шөкеев арыстықтармен кездесті. Қөше белсенділері, ардагерлер, қоғамдық ұйым төрағалары және қала белсенділерімен өткен жиында  облыс әкімі әлі күнге қалада төтенше жағдайдан жапа шеккендерге берілетін мемлекеттік көмектерге қатысты түрлі қауесеттің желдей есіп жүргеніне тоқталды.

Осыған орай, экономика және қаржы саласына жауапты облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев жиналғандарға өтемақы ретінде төленетін  100 мың теңге қандай тәртіппен берілетінін түсіндірді. Аталған төлем қалада 2019 жылдың 1 маусымы бойынша тіркелген тұрғындарға беріледі. Айта кетейік, Арыс қаласында 45 мыңға жуық тұрғын бар. Қала тұрғындарынан бөлек, қала маңындағы Ақдала, Ақжол, Дермене ауылдарының тұрғындарына да 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленетін болды.
Ақшалай көмек алу үшін өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, отбасының бір мүшесіне қаржыны аудару бойынша қолхат, неке қию туралы куәлік, туу туралы куәлік, дербес шот нөмірі қажет.

Сондай-ақ жиында арыстық кәсіпкерлерге көрсетілетін көмек мәселесі де сөз болды. Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімінің тапсырмасымен «Қамқор» бағдарламасы іске қосылған болатын. 5 млн. теңгеге дейін берілетін 1%-дық жеңілдетілген кепілсіз несиенің уақыты – 4 жылды құрайды.

Қазіргі таңда Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп қызмет атқаруда. Олар 10 күн бойы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеп шығады.

Жалпы, Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысаны тіркелген, соның ішінде жарылыс кезінде 258 нысанға зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 нысан толықтай қайта салынатын болады. Тиісті қаражат бөлінуде. Қазіргі таңда қажетті кеңес алған 2 кәсіпкерге 10 млн. теңге кредит берілетін болды. Сондай-ақ кәсібін дөңгелетіп отырғандар 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан босатылады.
Бұдан бөлек, гуманитарлық көмектің халыққа жеткізілуі мен бөліну тәртібі туралы сөз болды. Бүгінгі таңда қоймаға 513 тоннадан астам тұрмыстық заттар, азық-түлік, киім-кешек өзге де заттар жиналса, соның 476 тоннадан астамы гуманитарлық көмек ретінде халыққа таратылды.

2019 жылғы 4 шілдеден бастап гуманитарлық көмек аптаның әр дүйсенбісінде тек әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналарға беріледі.
Төртінші бағыт бойынша тұрғындарға үйлерді қалпына келтіру жұмыстары түсіндірілді. 748 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1 айдың ішінде толықтай аяқталады деп жоспарлануда. Апат салдарынан үй шатырының 25%-нан төмен зақым келсе, шатырдың ақауы бар бөлігі ғана ауыстырылады.

Кездесу соңында ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі әскери арсеналдың жақын арада Арыс қаласынан көшірілетінін айтып, тұрғындарды бір қуантты. Полковник Қ. Құсайыновтың айтуынша, қалада ешқандай снаряд қалмайды.

Тұрғындар да өз кезегінде өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауап алуға уақыт тапты.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі