Қаланың қақ ортасында су құбыры жарылды

601

Шымкенттегі су құбырлары сыр бере бастады. Шаһар орталығындағы магистральді ауыз су құбырлары жоғары қысымға шыдас бермей жарыла бастады. «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-і инфрақұрылымды жаңалауға қомақты қаржы жұмсалғанын және бұл жұмыс ұзақ мерзімді екенін айтып ақталды.

Ю. Гагарин көшесінде құбыр жарылып, сол маңдағы үйлер мен мекемелер түске дейін ауыз сусыз отырды. Мұндағы су құбыры өткен ғасырдың 60 – жылдары тартылған екен. Енді тозығы жеткен құбырлар қысымды көтере алмай жарылып жатыр.

Қаланың қақ ортасындағы магистарльді су құбырлары да сыр бере бастаған. Темірлан тас жолы бойындағы жер астындағы су құбыры жарылып, жолаушыларға, қоғамдық көлік қатынасы мен осы төңіректе тұратындарға ыңғайсыздық тудырды. Жұмысшылардың мәлімдеуінше кеше кешкісін сағат 20:00 шамасында ауыз су құбырынан ақау шығып, сол маңдағы үйлерге су беру тоқтатылған. Көпқабатты үйдің тұрғындары әбігерге түсті.

Жарылған құбырларды жалғап әлекке түскен сала мамандары мәселені ескірген құбырға жапты. Орайы келгенде айта кетейік Шымкенттің ауызсуына жауаптылар жақында ғана Үкімет басшысына жүйедегі жүргізген жаңғыру жайлы ауыз толтырып ақпар берген еді. Енді пайдалану мерзімі өтіп, ескірген құбырларды жаппай жаңаламаса келесі жолы басқа жерде ақау орын алмайтынына кім кепілдік береді дейді.

«Шойын құбыр мен пластикалық құбыр жалғанған жерде ақау орын алып ажырап су аққан. Апат салдары жойылды. Қазылған жер мен қазу жұмыстарына байланысты жиналған лай бүгін таңертең ғана тазартылды» дейді мамандар.

Су құбырының жарылуы салдарынан Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшесінің қиылысында көлік кептелісі орын алып, қоғамдық көліктің қозғалысында, жолаушылардың діттеген жеріне жетуі қиындағаны бар. Ал, қаладағы ауыз су торабына жауапты са арнасы мекемесі 2009-2015 жылдар аралығында Еуропалық қайта құру және даму банкінен алған 27,5 млн. еуроға қаланың ауыз су торабын жаңғыртудан өткізген.

Шынар Оразова