Бұрынғы монша ғимараты қаңғыбастар мекеніне айналған

272

Абай ауданы Ю. Гагарин көшесінің тұрғындары арнамызға осылай деп шағым айтып хабарласты. Келімсектер түнде келіп, ойларына келгендерін істейді екен. Тіпті соңғы уақытта тұрғындардың есік алдындағы, сарайларындағы заттарын да ұрлай бастаған. Ал моншаның иесін көршілері өз беттерімен қанша іздесе де таба алмапты.

3 қабаттан тұратын ғимараттың бұрын монша болғанын тек маңдайшадағы жазудан қалған «н» әрпі мен әр-әр жерде қалған су құбырлары ғана білдіреді. Бүгінде іші-сыртының сау тамтығы қалмаған.

«Өрт болды. Одан бәріміз жүгіріп келдік. Өрттен кейін мынаның бәрі сасып жатыр. Енді түніменен айғай-шу. Мүмкін емес қой, мүмкін емес» дейді тұрғындар.

Бұл тек бір түннің хикаясы. Осылай жалғасып келе жатқанына бірнеше жыл болған. Тұрғындардың мәселені шешіп беруін өтініп бармаған жері жоқ.

«Мына кісілердің бәріне қол қойғызып, Абай аудандық, қалалық әкімшілікке бардым. Олар тек бізден құтылу керек болды да, қол қойғызып кетті» дейді тұрғындардың бірі.

Ханзат Әлібекованың үйі моншамен жапсарлас салынған. Күдікті адамдар көп жиналатын көрші ғимараттан үрейленіп жүреді. Қай түні кім келіп, не бүлдірер екен деп уайымнан түн ұйқысын төрт бөліп, қорқынышпен талай таң атырған.

Ханзат Әлібаева, тұрғын: «Түнде тіптен терезе ашпайтын болдық. Қорқамыз. Түнде жаман дыбыстар шығады. Әйелдердің неше түрлі дыбысы шығады. Одан кейін азанда өткенде атыстың дауысы шықты. Жаман енді. Қорқамыз».

Ашық ақпарат көзінен анықтағанымыз көптің зықысын шығарған моншаны Халық банкі өткен жылдың мамырында сатуға қойған. Ғимаратты алғысы келетін жан әлі табылмапты. Ал банк қандай да мәлімет беруден басын алып қашты.

Иесіз қалған бұрынғы моншаның қақпасына тұрғындар талай рет құлып та салған. Тек, таң атқанда қақпа қайта айқара ашық күйде тұрады. Заңгерлердің айтуынша ғимараттағы ахуалды қадағалауға ешкім де міндетті емес.

Райхан, заңгер: «Банк ғимараттағы жағдайларға жауап беруге міндетті емес. Себебі оның өз иесі бар. Яки ол иесі жоғалып кеткен күннің өзінде араларындағы орнатылған келісім құпиясы жан-жаққа таратылмайды. Сондықтан, тұрғындардың тығырықтан бар шығар жолы біреу. Ол тастанды ғимаратта келеңсіз жағдай орын алғанда Абай аудандық ішкі істер басқармасына хабарласу».

Осылайша иесі белгісіз ғимараттағы шытырман оқиғаларданЮ. Гагарин көшесі тұрғындарының полицейлерге шалған қоңырауы ғана құтқармақ.

Меруерт Ахан