Басты мақсат – қаржылық сауаттылықты арттыру

493

Қала тұрғындарының қаржылық сауаты артатын болады. Қазақстанның Ұлттық банкі қаржылық білім мен тәжірибені арттыруға бағытталған акция жариялады. Көзделген мақсат – тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Еліміздің барлық өңірінде бастау алған аталмыш семинардан нарықтық сауаттылықтың заманауи технологиясын, қаржылық жетістіктерге жету жолдарын үйренуге болады.

Бүгінге дейін банктерден жеке тұтынушылардың алған қарызы 3 млрд. 600 млн. теңгені құрайды. Несиеге қатысты деректерге жүгінсек, елімізде жұмысқа қабілетті 9 млн. адамның 60 пайызында банк алдында несие міндеттемесі бар. Бұл деген қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығының төмен деңгейде екенін көрсетеді.

Бүгінгі шараға қатысушылар кәсіби қаржы менеджерлері мен бизнес – тренерлерден кеңестер алып, өзінің жекемекншік қорын жүйелі басқара білуді үйрене алады. Банк қызметіне көңілі толмайтындар да, қателіктің жеке тұлғалар тарапынан кететінін айқындап біле алды.

Сымбат Аталықова, ҚР ҰБ тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы: «Ел азаматтарының көпшілігінің қаржылық сауаты жоғары деңгейде емес. Бізге түскен арыздардың көпшілігі, банк қызметін қолданғанда келісімшартты оқымай қол қоя салады. Оның салдары түсініспеушілікке әкеліп соғады. Қиындықтарды болдырмауды мақсат етіп осы семинар-лекцияны ұйымдастырып отырмыз».

Қаржылық сауаттылық – тек қана несие туралы білім емес, қолдағыны тиімді жұмсап, сақтап, көбейте білу деген сөз. Ақшаны жүйелеудің отбасылық бюджеттен бастау алатынын маңызды деп тапқан спикерлер нарыққа бойды үйретудің ең тиімді жолдарын қарапайым тілмен жеткізуге тырысты. Осы орайда кездесулер мен тренингтер жиі ұйымдастырылып, қарапайым халыққа несиенің шырмауына түспеуінің алдын алу керек дейді, шараға қатысушылар.

Абай Серікбайұлы, семинарға қатысушы: «Қазір экономиканың дүрлігіп тұрған кезі ғой. Ақшаны дұрыс қолдана білу қажет. Бізде шынын айтқанда кредит мәселесімен тұрғындардың жағдайы төмендеп кеткен. Сондықтан осындай тренингтердің көп өткізілуі керек, көп ізденіп, көп кітап оқу керек».

Қазақстанның бас қаржы орталығының бұл бастамасына негізінен тұрмыс әлеуеті төмен жеке тұлғалар қатысу көзделген болатын. Десе де, мамандар қаржылық сауатын арттыруды мақсат еткендердің қарасы қалың болғанын ескеріп, кез-келген жанның семинар қатысушысы болуына мүмкіндік берді. Келушілер ақша сауатын арттырып қана қоймай, зейнетақы қорындағы соңғы өзгерістерден да хабардар болды.