Биылғы оқу жылынан бастап мектептерде жаңадан үш пән оқытыла бастайды

282

Биылғы оқу жылынан бастап еліміздегі мектептерде жаңадан үш пән оқытыла бастайды. Жоғары сынып оқушыларына «Бизнес және кәсіпкерлік», «Графика және бейнелеу», «Алғашқы әскери және техникалық дайындық» дәрістері өткізіледі. Бұл туралы бүгін Төле би ауданында өткен тамыз кеңесінде айтылды.

Қыркүйектің қарсаңында бас қосқан билік өкілдері мен салаға жауаптылар жаңа оқу жылына дайындықты пысықтап алды. Білімге ерекше ден қоятын жергілікті шенеуніктер жыл сайын салаға бағытталатын қаражат көлемін де арттырып келеді. Аудан бюджетінің тең жартысы білім мекемелерін қаржыландыруға бағытталып отыр дейді аудан басшысы.

Бауыржан Омаров, Төлеби ауданынынң әкімі: «22 млрд. теңгенің 11 млн. теңгесі білім саласына жұмсалады».

Тамыз кеңесінде сала басшысы Роза Аманова былтырғы оқу жылын қорытып, биылғы жоспармен бөлісті. Айтуынша, аудандағы 67 мектептің 52-і типтік, 15 -і ыңғайластырылған болса, 3 ауысымды және апатты мектептер жоқ. 2019-2020 оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұнына 4,9,10 сыныптар, ал 11 сыныптар келесі оқу жылында өтеді. Бөлім басшысының сөзіне қарағанда тың әдістер білім сапасын арттыруға себеп болып, оқушылардың пән олипиадаларында топ жаруына да сеп болып отыр.

Роза Аманова, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы: «30 бала республикалық пән олимпиадаларында 1, 2 орындар алды».

Білім додаларына шәкірт дайындап, ауданның абыройын асқақтатуда тарих пәнінің мұғалімі Замира Ботабаеваның да үлесі зор.Оған бүгін министрдің алғыс хаты табысталды. 30 жылдан бері мектеп қабырғасында тарих пәнінен сабақ беріп келе жатқан ұстаздың арманы да асқақ.

Тамыз кеңесінде үздік мамандар ғана марапатталып қойған жоқ. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы балаларына да білім гранттары табыс етілді. Мақтау-марапаттан сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, былтырғы оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдары да тыс қалмады.

Мақпал Рысбаева