Шымкент әуежайында жаңа ұшу-қону жолағы салынып жатыр. Құны 40 миллиард теңгеден асатын бұл жоба барлық типтегі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай ақ, ірі логистикалық орталықтың қалыптасуына да жол ашады. Әуежайда қандай өзгерістер болады және бұл жоба қала дамуына қалай әсер етеді?
Шымкент жаңа биіктерді бағындыруға бел буды. Қалада бой көтеріп жатқан жаңа ұшу-қону жолағы әуежайдың жұмысын жақсартып қана қоймай, мегаполисті еліміздің маңызды көлік торабына айналдыруы мүмкін. Қазір мұндағы дайындық жұмыстары аяқталған. Нысан аумағы қоршалып, қажетті инфрақұрылым тартылды.
ҚУАНЫШ ӘЛМҰХАМБЕТОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: «Қазір ұшу-қону жолағын салудың негізгі кезеңіне дайындалып жатырмыз. Әуежайды пайдаланушы мекемеден және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінен рұқсат алып жатырмыз. Барлық қажетті рұқсаттарды алған соң, әуежай аумағында құрылыс жұмыстарын бастаймыз»
Жаңа ұшу-қону жолағының ұзындығы 3 шақырымнан асады, ал ені 75 метр болады. Мұндай жолақ кез-келген ұшақты қабылдай алады және рейстер санын көбейтуге мүмкіндік береді. Жоба авиациямен ғана шектелмей, болашақта әуе, теміржол және сауда бағыттарын біріктіретін логистикалық орталық құруды көздейді.
ӨМІР ҚАЛЫБАЕВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ауа-райының қолайсыз мезгілдерінде арнайы свето диоттардың көмегімен, датчиктердің көмегімен қону дәлдігі жоғары болады. Сондықтан осы жұмыстарды бастап кеттік. Қазіргі ұшу қону жолағының жол жамылғысы бетонды қабатты болады. Яғни, моналитті бетон болады. Оған ауыр салмақты самолеттар қона беретін болады. Бұл алдағы уақытта аэропорт мүмкіндіктерін кеңейтеді»
Айта кетейік, қазіргі қолданыстағы ұшу-қону жолағы 50 жыл бұрын пайдалануға берілген. Тіпті оның жөндеу көрмегеніне 20 жылға жуықтапты. Ол тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан, кей жерлерде үйлер мен әуежай арасы небәрі бірнеше шақырым ғана екен. Сол себептен бұрын бұл бағыттағы ұшуларға шектеу қойылған болатын. Жаңа ұшу-қону жолағы осы мәселені шешіп, тұрғын үйлерден алыс жерде салынып жатыр.
Жоба 2027 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Сол уақытта ескі ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары да жүргізіледі екен. Әкімдіктің айтуынша, бұл тек жаңа инфрақұрылым емес. Бұл – бизнеске серпін беретін, халықаралық сауданы дамытатын және жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік беретін қадам.
Лаура Бабас






