Оқушылар мен ұстаздардың денсаулығы басты назарда

352

ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының балалар мен жастардың денсаулығын нығайту бөлімінің қызметкерлері Шымкент қаласындағы мектептерде денсаулыққа қатысты техникалық кеңестер өткізе бастады.

Қаладағы А.С. Пушкин атындағы №1 мектепте 17 білім ордаларының өкілдеріне екі күн бойы теориялық және практикалық дәріс берілді. Бас қосуда мектеп дәрігері мен медбикелердің білім ошақтарындағы міндеттері жайлы түсіндіріледі.

Бота Әбілдина, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау орталығының балалар мен жастардың денсаулығын нығайту бөлімінің жетекшісі: «Біз қазір өңірлерді аралап, мектеп оқушылары мен оларды оқытатын мұғалімдердің денсаулығына аса көңіл бөлу қажеттігін түсіндірудеміз. Денсаулықты нығайтуға арналған іс — шаралардың міндетті түрде орындалуын мектеп басшылығы қадағалауы тиіс. Бұл мақсатта ұжым мен шәкірттердің арасында тұрақты түрде насихат жұмыстары жүргізілуі шарт. Оның барысында баланың отбасылық, тұрмыстық жағдайы, мектептің орналасқан орны да маңызды. Өйткені есірткі мен ішімдікке әуес ортада балалардың денсаулығына мән берілмейтіні анық. Осы тұрғыда қандай қолдау көрсету қажеттігі сөз болды».

Шынар Оразова