Солтүстікке қоныс аударушылардың қатары артып келеді

505

Күнгейден Қазақстанның солтүстік аймақтарына «Еңбек» бағдарламасы арқылы көшіп жатқандар барған жерінде тұрақты жұмысқа орналасып, баспанаға қол жеткізіп жатыр. Соның бірі Түркістан облысы Түлкібас ауданының бұрынғы тұрғыны – Нұрлыбек Қисықов. Отбасымен Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы Привольное ауылына қоныс аударған отбасының бүгінгі тіршілігі көңіл тоғайтарлық.

«Мына жердің ауа-райы жақты маған, қан қысымына жақсы екен» дейді бұрынғы жерлесіміз… Қаны таси беретін Нұрлыбек Қисықов қазір қан қысымым жақсы дейді. Олай болуы жаңа қоныстанған жерінің ауа-райынан деп отыр. Былтыр Түркістан облысы, Түлкібас ауданынан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша елдің терістігіне жолдама алып, Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Привольное ауылына жайғасқан. Нұрлыбектің отбасы және үш 3 немересімен осында тұрып жатқанына жылдан асты. Өзі ауылдағы мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Нұрлыбек Қисықов, Привольное ауылының тұрғыны: «Осы жердегі азаматтардың, қызметтестердің арқасында, өкіметтің қолдауымен үйлі болдық. Жағдайымыз жақсы».
Жерлестерім келді деп Нұрлыбек аға дастархан жайып, үйден дәм ауыз тиюге шақырды. Біз де бас тартпадық. Сағыныштарын айтып, туған жерге деген сәлемін жеткізуді сұрады. Немерелері өнерлі екен тәтті дәмнен соң әуезді ән тыңдадық.

Ғабит Мүсірепов ауданында 41 мың халық бар, қоныс аударушыларға арнап 39 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Түркістан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарынан ауданға 32 отбасы көшіп келген.

Сүйіндік Балмағанбетов, Ғабит Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары: «32 отбасы көшіп келді. Салынып жатқан үйлерге бекітілді . Әр салада жұмыс атқарып жатыр. Мұғалім, ветеринарлық дәрігер болып жұмыс атқаруда. Барлығы да жұмыспен қаматамасыз етілді. Қазіргі таңда 39 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Біткеннен кейін сол үйлерге орналасатын болады».

Баспана құрылысы аяқталғанға дейін «Еңбек» бағдарламасымен ауылға жаңа көшіп келгендер жалдамалы немесе жұмыс беруші ұсынған үйлерде тұрады. Жергілікті биліктің айтуынша олар жыл соңына дейін жаңа баспанада қоныс тойын тойлайтын болады.

Олжас Айдарбек