Шымкентте 5 жекеменшік мектеп ашылады

773

Шымкентте жыл соңына дейін 5 жекеменшік мектеп ашылады. Әр білім ұясының сыйымдылығы — 1000 орындық деп шақталған. Бұл жөнінде Шымкент қалалық білім басқармасының басшылығы журналистермен өткен брифингте мәлімдеді.

Айгүл Қалыбайқызының айтуынша, бұл жоба мегаполистегі демографиялық өсімнің дендеген шағында ауадай қажет. Үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуде де аталған бастаманың маңызы зор. Осы және өзге де тың бастамаларды тізбектеген басқарма басшысының міндетін атқарушы мектептердің алдағы қыс маусымына қамданып жатқанын жеткізді. Тіпті білім беру мекемелерінде жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары да 100 пайыз аяқталып қойыпты. Бұл мақсатта қазынадан қомақты қаржы — 72 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған-ды. Сондай-ақ, қатты және сұйық отынмен де 100 пайыз қамтамасыз етіліп үлгерген.

Айгүл Текебаева

Айгүл Текебаева, Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Жылуды пайдалану түрі бойынша  244 мекеменің «Қуатжылуорталығы-3″ МКК-нан — 120 мекеме, жеке қазандықтан — 124 мекеме жылытылады. Бүгінгі таңда жылыту жүйесі қатты отынмен жұмыс істейтін мекеме саны — 17, сұйық отынмен — 3».

Айта кетейік, Шымкенттегі мектептердің 127-і — типтік , 7-уі — ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Ал білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлердің саны биыл 25 341-ге жетіп отыр. Осы орайда, мектептегі жаңартылған білім беру бағдарламасына көшу бойынша жоспарға сәйкес, педагогтардың 94 пайызы — яғни, 16 492 ұстаз біліктілігін арттырған, жыл соңына дейін тағы 1980 мұғалім білімдерін жетілдірмек. Сонымен, 2019 жылы мектептердегі 4,9,10-сынып оқушылары тиісті мазмұнға сай оқып, білім алады.

Мөлдір Бекеева