Зейнетақы қорындағы ақшаны қашан алуға болады

150
© Sputnik / Ксения Воронина

Президент биылғы жолдауында зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға рұқсат беру мәселесін пысықтауды тапсырған еді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін пайдалануға қатысты ұсыныстар әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарады. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр президенттің жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты тапсырма бар екенін атап өтті.

«Үкіметке халықтың жекелеген санаттарына зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін баспана мен білімге жұмсауға рұқсат беру туралы тапсырма берілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп, тиісті ұсыныстарды әзірлейді. Олар бекітілген мерзімде қажетті ұсыныстарды дайындап, қоғамдық талқылауға шығарады деп ойлаймын», – деді Смайылов үкімет кулуарында.
Ол зейнетақы жинағын қордағы шотта ақшасы бар қазақстандықтар ғана ала алатынын айтты.

Осы орайда журналистер министрден келесі жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағын пайдалана ала ма деп сұрады.
«Алдымызда осындай міндет тұр», – деп қысқа қайырды Смайылов.

Еске сала кетсек, 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы жолдауында үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруы қажет екенін айтқан болатын. Президент үкіметке жылдың соңына дейін жұмыс істейтін адамдардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды.