Жүзім ұрлағандар оқиға орнында ұсталды

163

Ағымдағы жылдың 13 қыркүйек күні Қазығұрт АПБ-не бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысатын ЖШС-нің іс басқарушысы арызданады. Ол өз арызында белгісіз азаматтар бақшада өсіріп отырған жүзім жемісін 10 күннен бері ұрлап жүргендігін, қоршаулардың бүлініп, адам іздері пайда болғандығын көрсетеді. Орын алған қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында аудандық полицейлер тез арада іске кіріседі.

Ұрлық көбіне түнгі мезгілде болатындықтан, Қазығұрт АПБ-нің аға лейтенанты Өмір Нұрсұлтан, полиция майоры Әбдіғаппаров Төлепбек, подполковник Батыр Болатбековтер жоспар құрып, бақша маңын түнгі уақытта торуылдайды. Ішкі түйсіктері алдамаған полицейлер осы түні ұрлық жасаушылардың үстінен түседі. Түнгі сағат 23:30дар шамасында белгісіз 2 азамат келіп, 400 кг астам жүзімді 38-дана жәшікке салып алады. Содан кейін жәшікке салынған жүзімдерді 60 метрдей алысқа апарып, көліктерге артайын деп жатқанда ұсталды.

Белгілі болғандай, аталған бақша Қазығұрт ауданы мен Сарыағаш ауданының шекарасында орналасқан, ал ұрлыққа түскен азаматтар көрші аудан Сарыағаштың тұрғындары болып шықты. Сонымен қатар, күдіктінің 1-еуі осыдан 6 ай алдын осы бақшада жұмыс істегені айқындалды. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді.

Жәбірленуші тарапқа ұрланған жүзімдері қайтарылды. Күдіктілердің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде және ұсталған азаматтардың бұдан алдыңғы ұрлық жайттарына қатыстылығы анықталуда.

Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері ұрлықтың алдын алу мақсатында өздеріңізге тиесілі ғимараттар мен аулаларға бейнебақылау камераларын орнату керектігін ескертеді. Оған қоса мүмкіндігінше жарықтандырып, дабылқаққыштар қойыңыздар. Бұл өз кезегінде ұрылардың жолын кеседі. Ал, ұрлық жайтының куәсі немесе құрбаны болсаңыз, полицияның «102» нөміріне тез арада хабар беріңіздер.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі