Жалға берілетін тұрғынжай: Талапқа сай келмейтіндер көп

236

12 000-ға баспана. Мемлекет есебінен жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидасы бекітілді. Қағида бойынша ай сайын 40 шаршы метр үшін көп дегенде 12 000 теңге төлейсіз. Бес жыл бойы ай сайын бір соманы төлеп тұруға мүмкіндігіңіз бар. Аталған баспананы нақты кімдер ала алады?

Бағдарлама бойынша пәтерді жалға алу үшін алдымен конкурсқа түсесіз. Бастысы үш қағидаға сай келуіңіз керек. Жасыңыз 18 бен 29 дың арасында, тұрақты жұмысыңыздың болуы шарт. Және Шымкентте 2 жылдан кем емес тұрғылықты тіркеуде болуыңыз керек.

Жалақыңыз 101 мың теңгеден жоғары болуы тиіс. Осы талапқа толық сай келсеңіз ғана жалдамалы пәтерде тұру конкурсына қатыса аласыз. Ал жалға берілетін баспаналар енді дайындала бастайды.

Оңласын Әлсейт, Жастар ресурстық орталығының Мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру бөлімінің инспекторы: «Тұрғын үй инспекциясына жыл басында бөлінген қаржы бойынша олар үйді сатып алуы мүмкін немесе арнайы кәсіпкерлерге соқтыруы мүмкін. Сол бойынша олар өздері береді».

Дулат Бөлетовтың отау құрғанына 3 жыл. Әзірге жары Дана Жарқынбекова екеуінің бір баласы бар. Жас отбасы бүгінде пәтер жалдап тұрады. Жалдамалы пәтер беру қағидасы бекітілгенін әлеуметтік желіден білген. Бүгін мамандардан өздерінің конкурсқа қатысуға мүмкіндіктер бар жоғын білуге келіпті. «Қойылып отырған талаптар мүлде жоғары» дейді.

Дулат Бөлетов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Шымкент қаласында орташа айлық жалақы алып жатқандары 60-70 мың теңге. 100 000 теңге алып жатқандар бар шығар. Бірақ ол үшін лауазым керек. Лауазымы жоғарылар ғана алады 100 000 теңгені».

Күніне кеңес алу үшін Жастар ресурстық орталығына 80 адамға дейін келеді екен. Маманның айтуынша, келушілердің көпшілігі жоғарыдағы үш талапқа сәйкес келмейді.
Қағиданың осы қалыпта қалары, не өзгертілетіні әлі беймәлім. Ал құжат қабылдау қазан айының соңында басталады. Мемлекет тарапынан жалға берілетін пәтерлерге қоныстану тек 2020 жылы мүмкін болады.

Меруерт Ахан