Жолдау: Президент жергілікті билік жұмысына бағаны халық беретін пилоттық жобаны енгізуді ұсынды

105
фото inform.kz

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы жолдауын жолдады. Қаралатын негізгі мәселелер экономикалық өзгерістер, әлеуметтік қолдау және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары. Президент Елбасының саясатын ұстана отырып, қордаланған мәселелерді басымдыққа алуды тапсырды.

Мемлекет басшысы алдымен экономикалық негіздегі тақырыптарға тоқталды. Шағын және орта бизнес, қала мен ауылды дамытудың негізі екенін айтқан Президент Үкіметке шағын және орта бизнесті 3 жылға табыс салығынан босатудың заңнамалық негізін әзірлеуді тапсырды. Бұл шара 2020 жылдан бастап күшіне етуі тиіс.

Ағымдағы жылдың шілде айында зейнетақы аударымдарының жаңа ережелері енгізілген болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілердің айтуынша, жұмыс берушінің зейнетақы жарналарын енгізудегі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, жұмысшылардың еңбек өтіліне сәйкес келетін лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету болған.

Бүгінгі Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ережеге өзгеріс енгізді. Жұмыс беруші есебінен жұмысшының зейнетақы қорына қосымша 5 пайыз жарна аударуды 3 жылға шегеруді тапсырды. Бұл мәселеге 2023 жылы қайта оралатынын айтқан Президент оған дейін Үкімет пен кәсіпкерлер сарапшылардың қатысуымен бір мәмілеге келіп, жаңа жүйе ұсынуы тиіс.

Жолдаудағы кезекті айтылған мәселе жоғарғы оқу орындарын сапаға көшіру және педагогтардың еңбекақысын маңдай теріне сай ету. Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласына аса мән бере отырып, ұстаздардың мәртебесін биіктету керектігін жеткізді.

Тамыз конференциясында президент алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есе арттыруды тапсырған борлатын. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз. Ал, терең білім берудің орнына, диплом сатумен айналысатын жоғары оқу орындарын қысқарту қажеттігіне тоқталды.

Президент Республиканың басты байлығы – адамдардың құқықтары мен бостандықтарын басты назарға ала отырып, халықтың өз ойын еркін айтуға мүмкіндік беру жағын да сөз етті. Қоғамда орын алып отырған кейбір келеңсіздікке ел азаматтарының көңілі толмауы себебінен туындаған ереуілдерді заңдастыруды талап етті. Тек заңға қайшы келіп, азаматтардың тыныштығын бұзбаса болғаны. Әрі ондай жиындарға орын түкпірден тимеуі тиіс.

Мемлекет басшысы аталған реформаны тек реформа үшін жүргізбеуді қадап айтты. Әрбір министр мен облыс басшыларында нәтижелі жұмыстың көрсеткіштің тізімін нақтылауды тапсырды. Оған қоса жергілікті билік жұмысына бағаны халық беретін пилоттық жобаны енгізуді ұсынды. Егер тұрғындардың 30 пайызы әкімқаралардың жұмысына көңілі толмаса бұл олардың жұмыс сапасын арнайы тескеруге түрткі болады.

Гүлнұр Әмірәлі