5 қабатты үй құлағалы тұр

238

«Күндіз күлкіден, түнде тыныш ұйқыдан қалдық!». Салынғанына жарты ғасырға жуықтаған Ш. Уәлиханов көшесінің 202-ші үйінің тұрғындарының бойларын үрей билеген. Күн өткен сайын баспаналары қисайып, қабырғалары ыдырап барады. Жандарын шүберекке түйіп отырған тұрғындар тынышынан айырылған.

Қабырғаларынан күндіз күн көрініп, тұрғыны түнде жұлдыз санап жататын бұл үйдің тұрғындары баспана басып қала ма деген уайыммен күн кешіп келеді. 5 қабатты үйдің қабырғалары сөгіліп, іргетасы бір жамбасқа жата бастағанына 3 жылдан асыпты. Оған қоса көктем мен күзде қисайған үйдің төбесінен өтетін сумен күресу тұрғындардың бас ауруына айналған.

Бәйдібек Балмұратов, қала тұрғыны: «Ешкімнің жұмысы жоқ бұл үйде. 200 үйді істеді. Сонымен қатар өткізілген үй. Төбеден су ағады. Екі мәрте желімдедік өз күшімізбен».

Тұрғындары 3 жылдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Айтуларынша, жергілікті атқамінерлер бюджетте қаражаттың жоқтығын сылтау етіп келеді екен. Ал жергілікті билік өкілдері бұл баспананы тексеріп, жинақталған құжаттарды тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына тапсырғанын алға тартты.

Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Бізге мамыр айында арыз келіп түсті. Біз үйді көктемде көріп шықтық. Құжаттарды дайындап, тиісті басқармаға жолдадық».

Алайда бұл хабар тұрғындарды қуанта қойған жоқ. Себебі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы қисайған үйді жөндеу үшін 4 тексеру тағайындауы тиіс екен. Оның әр қайсысына жеке тендер жариялау қажет.

Нұрлан Жаманкөз, ТҮКШ басқармасы басшысының рынбасары: «Ағымдағы жылы техникалық тексерулерге ақша бөлінбеді. Бүгінгі таңда әкімдіктердің өтініші бойынша 157 үйді қарау қажет «.

Жауапты басқармадағылар бұл мәселені тек халық қалаулылары келер жылғы бюджеттен қажетті қаражатты енгізсе ғана шеше алатынын айтты. Ал оған дейін қисайған үйдің тұрғындарына тек баспана құламасын деп жаратқанға жалбарынып тұра тұруына тура келеді.

Ғалымжан Кенжебек