Адырбеков көшесіндегі жөндеу жұмыстары жылдарға жалғаспақ

425

Адырбеков көшесінің құрылысы Шымкенттегі сақалды нысандардың қатарына кіретін секілді. Ұзындығы 4 шақырымға созылған көшені жөндеу үшін бюджеттен 1 млрд. тенгеден астам қаражат қаралған. Мердігерлер бүгінгі таңда сол қаржының 400 млн. тенгесін игердік дейді. Құрылыстың тежелуіне жер асты коммуникациялық желі қолбайлау болыпты.

Наурыз айында басталған құрылыстың қарқыны төмен. Бүгінгі таңда бұл жолдың бойында қолына күрек ұстаған жұмысшы мен техниканы байқамайсыз. Есесіне ойдым-ойдым қазылған шұңқырлар көлік тізгіндегендер мен жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруын қиындатқан. Ал жол жөндеуге тапсырыс берушілер құрылыс кестеге сай жүргізіліп жатыр деп ақталды.

Мұнда алғаш 600 метр жылу құбыры алмастырылған. Енді «Қазақтелекомның» желілері алынуы керек. Осы жұмыстар аяқталса жол жөндеуге міндетті компания биылға жоспарланған жұмысымызды аяқтай аламыз дейді. Жалпы бұл көшенің құрылысы 5 кезеңге бөлінген. Келесі жылы да жалғасады дейді сала мамандары.

Сапар Қалқаманов, мердігер компания өкілі: «Біз қазір жолдың жиегін қазып карита жасап жатырмыз. Сонымен биылға жоспарлаған жұмысты аяқтаймыз».

Адырбеков көшесіндегі жол құрылысы кезінде 400 – ден астам тал-дарақтар кесілген. Мердігер мекеме құрылыс аяқталған соң сол ағаштардың орнына көшет отырғызуға міндетті.

Нұрлан Күдерұлы