«Халыққа автоқызмет көрсететін орталықтарда делдалдар жоқ». Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалы басшысының орынбасары «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының алдында берген есебінде айтты.
Одан бөлек, жиында партиялық бақылау комиссиясының жаңа құрамы бекітілді. Оның төрағасы болып М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова сайланды. Қызмет көрсету орталықтардың жұмысы нұротандықтардың назарына кездейсоқ іліккен жоқ. Халықтың наразылығын ескерген көшбасшы партияның өкілдері жылдың басында «Достық» шағынауданында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында болып, жағдаймен етене танысқан болатын.
Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Ағымдағы жылдың сәуір айында «Достық» шағынауданындағы мамандандырылған «Автоцонда» болдық. Ең үлкен проблема арадағы «помогайкалар». Копрорацияның Шымкенттегі филиалымен меморандум түзген болатынбыз. Қазір жағдай қандай, делдалдар бар ма?».
Қасым Аманжол, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалы басшысының орынбасары: «Халық көп болғандықтан қалада 3 «Автоцон» аштық. Қызмет көрсету ережелері жайлы ақпарат қолжетімді, барлық жерде орналастырылған. Одан бөлек, қызметкерлеріміз әр жексенбіде көлік сататын орындарда делдалдардың қызметіне жүгінбеу жөнінде, заң жолымен барлық қызмет түрлерін алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Есесіне орталықтарда қызмет түрлерінің басым бөлігі электронды түрде көрсетіледі және цифрландыру жалғасады».
Заңсыз әрекеттердің жолын кесу бағытында атқарылған жұмыстардың арқасында бүгінде «Достық» шағынауданындағы халыққа мамандандырылған қызмет көрсету орталығында күніне 600-ге жуық азаматқа қызмет көрсетілсе, «Қайтпастағы» орталықта 700 -ге жуық адам тиісті қызмет алған. 9 айда 252 мың қызмет көрсетілсе, жүргізуші куәлігін 32 мың адам алған, 216 мың көлік тіркелген.
117 мың гектар аумақты алып жатқан Шымкент қаласында бүгінде 1 млннан астам халық тұрады. 4 әкімшілік аудандағы тұрғындарға корпорацияға қарайтын 21 басқарма 11 бөлім, 3 автоцонда 1 көші-қон және халыққа қызмет көрсету орталықтарында 891 қызметкер жұмыс істейді екен. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында орталықтар электронды қызмет түріне, цифрландырылған жүйеге өтуде.
Шынар Оразова