Десантшылардың әскери бөлім күні аталып өтті

494

Кербұлақ ауданының Сарыөзек кентінде орналасқан Десанттық-шабуылдау әскерлері 12740 әскери бөлімінің құрылғанына 74 жыл толуына орай ауқымды іс-шара өткізілді. Іс-шара барысында әскери бөлімде мерзімді әскери қызметтерін абыроймен аяқтаған сарбаздардың және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы қатысушыларының салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті.

Аталмыш іс-шараға ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Таласов Мұхамеджан Қадіржанұлы, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Абубакиров Қаныш Асанханұлы, Сарыөзек кенті Кербұлақ ауданының әкімі, «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы аға лейтенант Меңдіғалиев Меирбек Оразұлы мен Республикалық «Сарбаз» газетінің бас редакторы Қуатбек Батырхан Серікұлы қатысты.

Бас штаб бастығының орынбасары әскери бөлімнің жеке құрамын маңызды мерекелерімен құттықтап, қызмет өткеру кезінде жауынгерлік әзірлікті жіті меңгерген және антына адал болған сарбаздарды алғыс хатпен марапаттады.
Мерекелік іс-шара барысында 12740 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған саны 300-ге жуық сарбаздарды ұлықтау рәсімі өтті. Ұлықтау рәсіміне сарбаздардың ата-аналары, туған туыстары қатысты.

Сондай-ақ, Сарыөзек кентінде орналасқан орта-мектептерден «Жас сарбаз» әскери-патриоттық орталығына қабылданған саны 200-ге жуық жасөспірімдер салтанатты түрде ант қабылдады.

Іс-шара соңы жеке құрамның дайындаған концерттік бағдарламасымен және десантшылардың қоян қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетуімен жалғасын тапты.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық армия спорт клубының спортшылары Кербұлақ ауданында орналасқан спорт кешенінде аталмыш әскери бөлімде қызметін өткерген жас сарбаздар мен бөлімнің жеке құрамына арнап қоян қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті.

ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Қадіржанұлы Кербұлақ ауданынан отан алдындағы парызын өтеуге аттанатын шақырылушылардың ата-аналарымен кездесіп, ҚР Президентінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауын түсіндірді.

Бас штаб бастығы орынбасарының қолынан арнайы алғыс қағазын алу үшін Нұр-Сұлтан қаласынан келген мерзімді қызметін абыроймен өткерген қатардағы Орынбасаров Дидардың анасы Матаева Гүлнәр ханым: «Бүгін мен үшін ерекше күн. Ұлымның жеткен жетістігі үшін генерал мырзадан алғыс хат алып жатырмын. Осындай дәрежеге жетуі үшін аянбай еңбек еткен командирлеріне алғысым шексіз»-, деп қуаныштан көзіне жас алды. Дәл осындай марапатпен қатардағылар Сабиров Мадияр мен Альмусин Санжардың ата-аналары марапатталды. Үлкен ұлы 12740 әскери бөлімінде капитан шенінде қызмет ететін Альмусин Келешек атамыз бүгінде осы әскери бөлімде мерзімді қызметін ойдағыдай аяқтаған немересінің қуанышына сонау Нұр-Сұлтан қаласынан ат арылтып жеткенін айтты.

Әскери бөлімнің 74 жылдығына арналған ауқымды іс-шарада генерал-майор Мұхамеджан Қадіржанұлы Бас штаб атынан әскери бөлімге теледидар табыс етті. Әскери бөлімде қызметін адал атқарып, ерен еңбегімен еленіп жүрген бірқатар офицерлер мен әскери қызметшілер де марапатсыз қалмады. Олар ҚР ҚК ҚӘ Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысы генерал-майор Қаныш Асанханұлының қолынан алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Әскери бөлімнің туылған күніне арналған іс-шараға Қазақстан Республикасының эстрада жұлдыздары Ерболат Құдайбергенов пен Айри есімді қызымыз патриоттық әндерден ән шырқап, жиналған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.

Г. Полатбек лейтенант, 
ДШӘ баспасөз хатшысы