Көлікті айдап кетіп, ізін суыту үшін көлікке өрт қойған күдікті ұсталды

202

Төлеби АПБ-не Шымкент қаласының тұрғыны арызданады. Ол өз арызында кешкі уақытта ауыл ішіндегі кафенің біріне кіріп, көлігін кафенің артқы жағына қойып кеткенін, шыққан кезінде орнында жоқ екенін көрсетеді.Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену» бойынша тіркелді.

Оқиға орнына жеткен полицейлердің анықтауынша, жәбірленуші кафеге кірерде кілтін оталдырғышында қалдырып, есігін құлыптамай итеріп қана жауып кеткен. Содан сатуға алып келген заттарын көрсету үшін кафеге кіріп кетіп, 15 минуттан соң шыққанында көлігі жоқ болған. Жәбірленушінің айтуынша, автокөліктің ішінде 48 дана одеколон, самсунг маркалы 2 дана ұялы телефон және 10 000 теңге ақшасы болған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығынның көлемі 1,5 миллионға жуық теңгені құрады. Орын алған қылмысты ашу, күдіктіні құрықтау мақсатында Төлебилік полицейлер тез арада іске кірісті, қажетті деп танылған іс-шараларды жүзеге асырды.

Жақын аймақтарды аралап шығып, куәгерлерден сұрастырып, ақпарат жинады. Нәтижесінде күдікті ретінде Төлеби ауданының тұрғыны, бұрында ұрлық жасап сотты болған жас жігіт, тығылып жүрген жерінен құрылысы бітпеген үйдің ішінен табылып, ұсталды.

Тергеу барысында, күдікті түнгі уақыт және автокөлік иесімен бөгде адамдардың жоқтығын пайдаланып, ашық тұрған автокөлікті айдап кеткендігі анықталды. Сондай-ақ, көлікті өз қажеттілігіне пайдаланып, оның жанармайы таусылған соң, осылай қалдырып кетсем, ұсталып қаламын деп, бөтеннің мүлкін қасақана жою мақсатында көлікке өрт қойғаны айқындалды.

Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан өзге Төлеби ауданында 2 тұрғын-үйге ұрлыққа түскенін анықтады. Бірінші ұрлыққа түскен тұрғын үйден алтын жүзік пен 8000 теңгелік спорттық аяқ киімді жымқырған. Келесі үйден ерлер сағаты мен ұялы телефонын және жамылғыларды қолды қылғандығы белгілі болды. Ол өз кінәсін толық мойындап отыр. Күдікті қамауда.

Осылайша ұсталған күдікті автокөлікті жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз басқарып, айдап кетіп, өзінің автокөлікті айдап кету қылмысын жасыру мақсатында автокөлікке өрт қою арқылы және бөтеннің мүлкін бірнеше рет жымқырып, осы әрекеттері арқылы ҚР ҚК-нің 188-бабы, 200-бабы, 202-баптарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған. Аталмыш 3 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда басқа да істерге қатыстылығы тексерілуде. Тергеу амалдары жүргізілуде.