Полицейлер 100-ден астам діни әдебиеттерді тәркіледі

184

Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы ҚР ҰҚК Академиясының мүшесі, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдарының құрметті профессоры, сарапшы-психолог, Педагогика және психология ғылымдарының магистрі Шакимова Лола Сергейқызымен кездесті.

Кездесу барысында мамандар тарапынан «діни терроризм» тақырыбында қолданылатын арнайы терминдердің мән-мағыналары түсініктемелер беріліп, сондай-ақ олардың этимологиясы, мағынасы мен мәні жан-жақты талданды. Аталған дәрісте қызметтік міндеттерін орындау кезінде, террористік актілер орын алған сәтте қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен тәртіп сақшылары туралы және Сирияға аттанып адасқан жерлестер мен отандастар туралы фото және бейнематериалдар көрсетілді.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары дінтанушылармен және психологтармен бірлесіп тұрақты түрде жедел-алдын алу іс-шараларын өткізіп тұруға уағдаласты.

Жалпы ағымдағы жылдың 9 айында Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері экстремистік сипаттағы 10 қылмыстың ізін суытпай ашты. Сондай-ақ, осы аталған уақыт ішінде деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар жасаған жалпы 20-дан астам қылмыстық жайт, соның ішінде ұрлық, есірткі сату, қорлау және билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық жасау жайттары ашылды.
Мәселен, 2019 жылдың мамыр айында Түркістан, Жетісай қалаларында және Сайрам ауданында ұялы телефондарды сату орындарында полиция қызметкерлері телефондарды сатып алуды, сәйкестендіру кодтарын өзгертіп, діни және ұлттық араздықты қоздыруға шақыратын ақпаратты таратуды жүзеге асыратын деструктивті діни ағымдарға бейімділік белгілері бар 35 азаматқа қатысты тінту жүргізді. Жүргізілген тінтулердің нәтижесінде, жедел уәкілдер мыңнан астам телефон, ноутбуктер, планшеттер мен басқа да техникаларды және 100-ден астам діни әдебиеттерді тәркіледі.

Кездесу соңында жиналғандар экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар міндеттер мен ұсыныстарды талқылады, сондай-ақ тиісті шешімдер қабылдау үшін тапсырмалар берілді.

 

QAINAR KÓZ Түркістан облысы ПД-ның баспасөз қызметі