Úı ANONS 7 млн. теңгенің вейптері тәркіленді

7 млн. теңгенің вейптері тәркіленді

фото minzdrav.gospmr.org
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ш.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ш. ҚК-нің 301-1-бабының 1-бөлігімен (шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және тарату) айыпталған.
 
Сотталушы Ш. 2025 жылдың қаңтар айында заңға қайшы екенін біле тұра «WhatsApp» желісін пайдалана отырып, электрондық жүйелерді (вейптерді) сатуға тұтынушылардан тапсырыс қабылдап, оларды сатқан. Ш.-ның үйін тінту барысында 575 бірлік мөлшерінде электрондық тұтыну жүйелері (вейптер) және сұйықтықтар мен олардың құрамдас бөліктері тәркіленді, сондай-ақ алынған өнімнің орташа нарықтық құны 7 015 000 теңгені құрады.
 
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Прокурор сотталушыға айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіріп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
 
Сот, сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін және асырауында жасөспірім балаларын болуын ескерді, ал жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар жоқ деп тапты.
Сот, Ш.-ны ҚК-нің 301-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 393 200 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енді.