Шымкентте жыл басынан бері қанша полицей пара алған?

764
полиция департаменті

Шымкентте жыл басынан бері орын алған қылмыстардың саны 10 мыңнан асады. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 13 пайызға төмен. Және қылмыстың ашылу пайызы да 32-ден 35-ке жақсарып отыр. Бұл жөнінде Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов журналистерге берген баспасөз-мәслихатында мәлімдеді.

Сөзіне сенсек, аса ауыр қылмыстардың, ондағы адам өлтіру жәйттерінің 45 пайызға төмендеп отырғаны қоғамдағы профилактикалық жұмыстардың жүгенді атқарылғанын көрсетеді. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар (4212-ден 4121-ге)  2 пайызға, көшелерде болған қылмыстар (2339-дан 2185-ке) 7 пайызға азайған.

Осы және өзге де қылмыс пен құқықбұзушылықтар бойынша жемісті жұмыс атқарылғанын марқая мәлімдеген бас полицей департамент қызметкерлерінің қызметіндегі кемшіліктерге де ерекше тоқталды.

Ералы Жұмаханбетов

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы: «Біздің проблемамыз – қазір есірткі қылмыстары бойынша болып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда есірткі қылмыстары 299-дан 243-ке яғни 18 пайызға төмендеген. Оның ішінде есірткі сату дерегі 103-тен 69-ға яғни 33 пайызға, ірі көлемде есірткі сақтау дерегі 22-ден 6-ға яғни 72 пайызға азайған. Заңсыз айналымнан тәркіленген есірткінің салмағы өткен жылмен салыстырғанда 17 кг 85 грамнан 27 кг 300 грамға яғни 10 кг 215 грамға асқан. Фактілер аз болғанымен, салмағы жағынан біз асып отырмыз. Біз енді өз-өзімізді бұлай жұбатқымыз да келмейді. Бұл жұмыстар жеткіліксіз деп ойлаймыз. Мәселен, басқа қылмыстардың барлығында біз орын алған оқиғаға барып, одан ары қарай жұмыс істесек, бұл жерде біз өзіміз іздеп, сол қылмыстың алдын алып, сол қылмыстарды жойып, жолын кесуіміз керек. Сондықтан, жақында ол жердегі қызметкерлерді ауыстырып, әкімшілік, тәртіптік шаралар қолданып,  жаңадан қызметкерлерді алып жатырмыз. Енді осы жылдың аяғына дейін, жұмысты жақсартып, оңғарамыз деп ойлаймыз».

Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты полиция қызметкерлерімен 18 қылмысқа жол берілген. Ал тәртіп сақшыларына пара ұсынудың 10 фактісі анықталыпты.

Айта кетейік, бүгінде 11 ғимарат, 68 полиция пункттері және 42 стационарлық бекет полиция департаментінің қолданысында.

Мөлдір Бекеева